ҚАЗАҚСТАН — БЕЙБІТСҮЙГІШ ЕЛ
1990-шы жылдардың басында Қазақстанның бекем мемлекеттілігін қалыптастыра алатындығына көпшіліктің сене қоймағанын еш уақытта ұмытуға болмайды. Шетелдік скептиктердің ойынша, халықтың этноконфессионалды құрылымы мен геосаяси жағдайы бұл мақсатқа жетуге үлкен кедергі болуға тиіс-тін. Оның үстіне, «егемендік шеруі» кезеңінде көптеген посткеңестік елдерді ұлтшылдық пен өзара тартыстар шарпып үлгерген еді. Бұғанасы қатпаған жас мемлекет сыртқы емес, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жұмыс істейтін ішкі саясат тетіктеріне мұқтаж болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) қоғамды ұйытып, этностарды жақындастырып, қақтығыстардың алдын алатын осындай тиімді тетікке айналды
Елбасы Н.Ә.Назарбаев алғаш ҚХА делегаттарының алдында сөйлеген сөздерінің бірінде: «Біздің елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың барлығы бірдей ортақ саяси, экономикалық һәм мәдени кеңістікте тең дәрежеде өмір сүреді», – деп атап өткен болатын. Ал мұның бәрі тұрақтылықтың арқасында ғана жүзеге асады десек, елдің тұрақтылығы Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің қазақ ұлтының өз мәдениеті, тарихы мен ұлттық ерекшелігін жаңғыртуға деген құлшынысына құрметпен қарағанда ғана мүмкін болмақ.
Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық үлгісі елдің төл тарихына арқа сүйеп, этностық және азаматтық сәйкестіктің маңыздылығын түсінуге негізделеді. Сол себепті 1996 жылы сәуір айында ҚХА-ның III сессиясында әрбір қазақстандыққа саналы түрде өз азаматтығын шешу жайлы мәселе көтерілді. Н.Назарбаев осы кезде «азамат дегеніміз – шыққан тегіне қарамастан, өз тағдыры мен ел тағдырын ортақ деп қарайтын адам» екенін барлық азаматтардың есіне салды. Әрине, мұндай сәйкестікке жету үшін біраз уақыт керек, бірақ бұған келмей болмайды. Ал Ассамблея жаңа азаматтықтың көпірі болып табылады. Қазақстан 1996 жылдан бастап бірінші рет 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ретінде атап өте бастады. Бұрынғы бірінші мамыр дәстүрі жаңа қазақстандық мазмұнға ие болды.
Сонымен бірге, Елбасы кезінде полиэтностық мемлекеттің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктерін де атап өтті. Оның біріншісі – өзге этностарды бірге дамыта отырып, қазақтың мәдени діңін мақсатты түрде дамыту. Екіншісі – теңдестірілген тілдік саясат. Үшіншісі – зайырлы мемлекет қағидаттарын ұстану. Төртіншісі – Қазақстан халқы Ассамблеясын қолдау. Қазақстандық үлгі «Әралуандықтан – бірлікке» ұйыстыру қағидатына негізделген. Мәдени әралуандықты сақтап, оны көбейтуге мемлекеттің этнос тық тілдер мен мәдениеттерді қолдауға бағытталған бұлжымас саясаты көмектесіп отыр. Қазақстанның ұлттық саясаты халықаралық стандарттарға толығымен сай келеді.
Алматыдағы Достық үйінің Ассамблеяға берілуі де есте қаларлық оқиға. ҚХА этноұлттық саясатты жүзеге асыруда іс жүзінде Президенттің бірден-бір жақын көмекшісі қызметін атқаратындықтан, біле-білген адамға бұл да бір маңызды ишара болды.
Осылайша, осы бір кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясына қоғамды біріктіру мен ұлтаралық келісімге келтіру, ұлтаралық қарым-қатынастардың қазақстандық үлгісін және осымен бір мезетте мемлекеттік ұлттық саясат пен жалпы саясатты жүзеге асыру сияқты маңызды міндет жүктелд