ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚИЯҒА ӨРЛЕГЕН КЕЗЕҢДЕРІ

2003 жылдың желтоқсанында «алдымен экономика – содан кейін саясат» тұжырымы дүниеге келді. Бұл – «саяси өзгерістердің қажет екеніне дау жоқ, бірақ олардың сәтті жүзеге асуы үшін, ең алдымен, тиімді де бәсекелі
экономика болуға тиіс» дегенге саятын сөз еді.
Сол уақыттың негізгі экономикалық статистикалық көрсеткіші көңіл көншітерлік еді. Жаңа ғасырдың алғашқы үш жылында ІЖӨ өсімінің жылдық қарқыны 10 проценттен асып түсетін. Бұл 1990 жылдардағы құлдырауды толық еңсеріп шығуға мүмкіндік берді. Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ шамамен 700 доллардан келсе, 2004 жылы ол 2 мың долларға жетті. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан еуразиялық кеңістікте екінші орынға
шықты. Еліміз барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша көш
басындағы мемлекеттердің қатарына енді.

Экономикадағы оң үрдістер мемлекеттік бюджеттің ахуалына да тиімді әсерін тигізді. 2003 жылы бюджет кірісі бірінші рет триллион теңгелік межеден асты. Қазақстан ХВҚ қарыздарын мерзімінен бұрын қайтарды. Осыған
орай, еліміздің халықаралық беделі едәуір биіктей түсті.

2003 жылдың қарашасында Елбасы кезекті рет Ли Куан Ю мырзамен кездескеніңде, осынау тәжірибесі мол шығыс саясаткері оны қанаттандырар сөздер айтып еді. «Он жыл ішінде Қазақстан таңғаларлық табысқа жетті, мен мұны тіптен күтпеген едім. Сіздер көршілеріңізден озып кеттіңіздер. Тек олардан ғана емес», – деген-ді ол.

ХВҚ сарапшылары 2004 жылы: «Қазақстанның икемді экономикалық
саясаты оның әлемдегі ең шапшаң дамып келе жатқан елдің біріне айналуына мүмкіндік берді», – деп атап өтті.

2004 жылдың қарашасында Қазақстан қаржыгерлерінің Алматыда өткен төртінші конгресінде сөз сөйлеген Бүкіләлемдік банктің президенті Джеймс Вулфенсон: «Бүкіл әлемде экономика жылына 4–5 процентке өссе, Қазақстанда 9 процентке өсіпті, – деп еді ол. – Қазақстандықтардың мақтанатындай да жөні бар. Мен елдеріңіздегі ілгерілеу бағытындағы бағдарламаларды жоғары бағалаймын және перспективалық даму жоспарында табиғи ресурстарға ғана емес, адам ресурсына да сенім арту керектігі жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын қолдаймын. Ең басты байлық – халық, сондықтан да адамдардың, әсіресе
жас ұрпақтың денсаулығына, тәрбиесіне және біліміне барынша көп көңіл бөлген жөн».
Мұнымен қатар, тағы бір маңызды жайт – Қазақстан мемлекеттік биліктің әлсіреуіне, саяси жүйе тепе-теңдігінің бұзылуына жол берген жоқ. Алға қойылған мақсатты бүкіл деңгейі мүлтіксіз атқарған күшті, жауапты, орталықтандырылған мемлекеттік вертикаль – міне, Қазақстан жетістігінің басты шарты осы.