ҚАЗАҚСТАН — ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАСЫ

ЕҚЫҰ — өзіндік тарихы бар ұйым. Бүгінде құрамына 56 мемлекет еніп отырған осы халықаралық ұйым — Солтүстік Американың, Еуропаның, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның көптеген мемлекеттерінің басын қосқан ірі өңірлік құрылым. Оның жауапкершілік аймағы үш құрлықтың ауқымды аймағын қамтып, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктің аралығында созылып жатыр. Аталмыш ұйым тарихының бастауы 1970 жылдардың бас кезінен, яғни, НАТО мен социализм елдерінің арасындағы диалог үдерісін жеделдеткен 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғалардан кейін басталды.

1994 жылғы Будапешт саммитінде Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) деп аталатын жаңа мәртебесіне ие болды. ЕҚЫҰ бүгінде еуроатланттық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды бөлігі болып табылады.

2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ-ның төрағалығын абыроймен атқарып шықты. Қазақстан бүкіл әлем алдында тұрған ортақ қауіптер мен қатерлерге байланысты мәселелерді шешу үшін Ұйымның тиімді саяси диалог тұғырнамасының маңызды рөлін атқаруды жалғастыруға барлық күш-жігерін жұмсады. Осы мәселенің маңызын түсінген Президент Н.Назарбаев Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғанына 35 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына 20 жыл толуына орай Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ауқымында азаматтық өлшемдер жөніндегі негізгі құжат — Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналған конференция өткізуге ерекше назар аударды. Бүгінде, Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі кездесуден кейін 11 жылдай өткен соң бүгінгі қатерлерге жоғары деңгейде тиісті баға берілуі және Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастық жөніндегі ЕҚЫҰ-ның таяудағы келешектегі басымдықтарын белгілейтін сәт туды. Қазақстанның атқарған жұмысы аз емес.

Қазақстанның аталған ұйымның барлық үш өлшемі бойынша, әсіресе, қауіпсіздік саласындағы белсенділігі айқын көрінді. Ағылшындар «аяқталмаған» деп атайтын, ұзаққа созылған Таулы Қарабақ проблемасына көңіл бөлінді. Ең басты жұмыс Венада басталды. Онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының таныстырылымы болды. Ол да ойдағыдай өтті. Біздің Президентіміздің ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі мүшелеріне бейнежолдауын жұршылық зор ынтамен қабылданды. Өйткені Президент қауіпсіздік, экономика және экология, гуманитарлық салалардың ең өзекті мәселелерін қозғады. ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша лайықты үлес қосу мақсатында Қазақстанның бастамасымен «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы өтті. Бұл парламенттік басқосуға 350-ге тарта делегат келді. Атап айтқанда, әр түрлі елдердің ұлттық парламенттерінің депутаттары және халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Трансазиялық форумды өткізудегі негізгі мақсат экономикалық мәселелер мен лаңкестікке және есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстарына бағытталды.

Байқағанымыздай, Елбасы ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде құрлықтағы күрделі істердің шешілуіне ықпал етті.