ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ
1990-шы жылдардың басында Қазақстанда 200-ден астам ғылыми мекеме жұмыс істеді. Бүкіл зерттеу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы үйлестірді. Қаржыландырудың қысқаруы мен экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет іргелі ғылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлді. 1992 жылы ғылым саласындағы басқару функциялары берілген Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды. 1993 жылдың қаңтарында оны жаңа қайта құру күтіп тұрған еді: жаңа Жарлыққа сәйкес қазақстандық ғылыми құрылымдар республиканың жоғары ғылыми мекемесі мәртебесіне ие болған Ұлттық ғылым академиясына біріктірілді.
Дәл сол жылдары шешуші ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ұлттық ғылыми орталықтар құрыла бастады. 1992 жылдың мамыр айында Семей сынақ полигоны кешені базасында ядролық технологиялар саласы бойынша Ұлттық ядролық орталық құрылды. Сондай-ақ ғарыштық технологиялар, радиоэлектроника, информатика мен есептеу техникасы, биотехнологиялар, минералды ресурстар жөніндегі ғылыми орталықтар да пайда болды. 1992-1993 жылдары стандарттауға, ғылыми кадрларды аттестациялауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тіркеуге, депондандырылған қолжазбалар мен диссертациялар үшін, патенттер беруге арналған арнайы ғылыми-техникалық құрылымдар ұйымдастырылды.
Экономикалық дағдарыс ғарыштық, стратегиялық зерттеулер, шығыстану және тағы да басқа жаңа ғылыми-зерттеу институттарының пайда болуына кедергі келтіре алмады. Үкіметтің 1992 жылдың 23 шілдесінде қабылдаған «Жоғары аттестациялық комиссия туралы» қаулысы қазақстандық ғылыми кадрлар даярлау жүйесіндегі маңызды қадам болды. Жоғары аттестациялау комиссиясына диссертациялық жұмыстардың сапасына, олардың ғылыми және практикалық мәніне бақылау жасау функциясы берілді. Сол арқылы ізденушілер тұңғыш рет республиканың өзінде ғылыми мәртебе берілгені жөнінде дипломдар ала бастады. Аспирантурада жаңа мамандықтарға оқыту қолға алынды.
1990-жылдардың бірінші жартысына көз салғанда, біздің ғалымдарымыздың, оқытушыларымыздың, инженерлеріміздің ең ауыр кезеңнің өзінде өз борыштарына адал болып, теңдессіз игіліктер – білім мен жарқын болашаққа деген сенімді сақтай білгенін аңғаруға болады.