«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалды.
«Қазақстан халқына» қорының міндеттері:
- денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан халқына қайырымдылық көмек көрсету;
- төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек көрсету;
- халықтың әлеуметтік осал топтарынан мұқтаж балалар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылымның дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу;
- Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау;
- Қор қызметінің өзге басым бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.
Болат Жәмішев 2019 жылдың сәуірінде Қазақстан даму банкінен кетті. Бұған дейін ол Қаржы министрлігін (2007-2013 жылдар), Өңірлік даму министрлігін (2013-2014 жылдар) басқарған, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы болды (2004-2006 жылдар). Экономика ғылымдарының кандидаты.