ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 19 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз парақшасында мәлімдеді.  «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді» деді парақшасында. Жетісу жерінде дүниеге келген сәби отбасындағы төртінші бала. Осыған дейін еліміздегі 18 миллионыншы бөбек те осы өңірде дүниеге келген еді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы демография мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Қоғамда көпбалалы аналардың мәртебесіне ерекше назар аударылады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында демография мәселесін және оның шешу жолдарын ерекше атап өтіп, Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу мақсатын алға қойған болатын.

Мемлекет басшысы да  Қазақстан халқына жолдауында демография мәселесін айтып өтеді. Онда ана мен бала денсаулығы, жөргек пұл мен жәрдемақыны көтеру, әлем бойынша тарыдай шашылған этникалық қазақтарды Қазақстанда, тарихи отанына шақыру, құжат пен атамекенде тұрақтау мәселесін еңсеру жолдарын қарастыру мен көп балалы отбасыларға материалдық көмекті арттыру керек екені айтылады.