ҚАЗАҚСТАН — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ДАРА БІТІМГЕР

Жаңа жаһандық ахуалда Қазақстан өзін маманданған халықаралық деңгейдегі дара бітімгер ретінде танытты. Бір атап айтарлығы – бұлай болуының себебі: ең алдымен біздің еліміздің күрделі жаһандық және өңірлік проблемаларды реттеуге байланысты ұжымдық қызметке тікелей және позитивті түрде қатысып отыруы дер едік. 2010-шы жылдардың оқиғалары Қазақстанның аралық миссиясының дербес және тиімді болғанын дәлелдейді.
Қазақстан дипломатиясына диалог философиясы, ымыраға келу және өзара тиімді әріптестік тән. Қазақстанда жүзден аса этнос тату-тәтті өмір сүріп жатса, дәл осының өзі – шынайы бейбітшілік қорғаушысы ретіндегі
біздің елімізге деген сенімді ұлғайтады. Қазіргі Қазақстан – бұл халықаралық диалог алаңы.

2012–2013 жылдары Иранның ядролық бағдарламасы айналасында жаһандағы жағдай күрделі сипат алды. Тұйықтан шығар жол табу үшін, Елбасының ұсынысымен, 2013 жылы ақпан және сәуір айларында біздің тікелей ықпалымызбен Алматыда Иранның және «алтылық тобының» (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия) келіссөздерінің алғашқы екі раунды өткізілді. Қазақстан ұйымдастырушы және дара бітімгер ретінде,
қатысушылар атап көрсеткендей, дұрыс нәтижеге қол жеткізу үшін өзінің елеулі үлесін қосты. Алматы келіссөздерінің қорытындылары ирандық ядролық бағдарлама аясындағы жағдайларды реттеу бойынша Бірлескен жалпы іс-әрекет жоспарының (2015) негізіне алынды.
Оған қоса, 2015 жылдың желтоқсан айында Еуроодақ тек қана Қазақстанға БЖІЖ-нің имплементациясына ықпал жасау жөніндегі ұсыныспен шықты. Онда бүкіл әлем Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге көз тігіп отырған болатын. Қазақстан – өзінің бейбітшілікті қолдаушы ұстанымына адал ел ретінде көмек қолын созып, ұсынысты қолдауға шешім қабылдады. 2015 жылы 27 желтоқсанда «алтылық тобының»,
Иран мен МАГАТЭ-нің үйлестірілуімен, «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Иранға бұл елден байытылған уранды алып кету үшін өтемақы ретінде коммерциялық жағдайда табиғи, байытылмаған уранның партиясын жеткізіп берді. Соның нәтижесінде 2016 жылдың 16 қаңтарында имплементацияға қол жеткізілді және көптеген санкциялар Ираннан алынып тасталды.
Әрине Қазақстанның батыл араағайындығы болмаса, Бірлескен іс-әрекет жоспарының қатысушылары («алтылық тобы» және Иран) оны орындауға кірісе алмаған болар еді.
Қазақстан кезекті рет ядролық қаруды таратпау жолындағы өзінің көшбасшылық және күрделі халықаралық проблеманы шешу жолындағы өзінің конструктивтік рөлін көрсетті.

2017 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Астанада жеті күрделі де үдемелі келіссөз раундтары өтіп, асыра айтқандық емес, бүкіл әлем өте мұқият бақылады. Мұнда соғыс өртінің ортасынан нақты халық жасақтарының командирлері келді. Өте күрделі құрам, әртүрлі көзқарас. Келіссөздер ауыр жүрді. Көпшілігі мұның жетістігіне сене қоймағанын мойындаған жөн, бірақ пайдалылығы мен ілгері жылжу байқалып қалды. Жекелеген жағдайда жетістіктер болды, мәселен, бұрын мүмкін емес деп саналған – Сириядағы деэскалация аумағы құрылды.
Әлемдік саясатқа 2017 жылы – Астана үдерісі дейтін сыйымды және конструктивті ұғым енді. Сарапшылар, тіпті, Астананы Женевамен салыстыра бастады. Астана еуразиялық Женева бола ма – оны уақыт көрсетеді. Бір нәрсе даусыз – жаһандық әлем Қазақстан мен Астананың бейбітшілікті сақтаушы әлеуетіне тағы да бір көз жеткізді.

2017 жылы қарашада Астана клубындағы жиналыста сөйлеген сөзімде Н.Назарбаев: «Біз әлемге соңғы кезде оған соншалықты жетіспейтін – жаһандық мәселелерді шешуге қажетті бірігуді, жақындасуды және төзімділікті әкелуге ұмтыламыз», – деп атап өтті.