ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖОЛЫНДА

Қазіргі кезде әлемде көптеген елдердің алдында тұратын өзекті мәселелердің бірі, ол – индустриалды-инновациялық процестер негізінде тұрақты экономикалық өсуге жету, яғни ұлттық экономиканың тұрақты дамуына және еліміздің әлем таныған алдыңғы қатарлы елдер санатына қосылуына ең басты қажетті индустриялық – инновациялық қызмет екені даусыз. Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Бағдарлама арқалаған міндеттер төмендегідей: 1) индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету; 2) ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлардың өндіріс көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту; 3) базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту; 4) өңдеуші өнеркәсіп салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру.

Мемлекетіміздің даму стратегиясындағы инновациялық бағыт – бұл ұрпақ үлесін ғасырлар қойнауына апаратын сара жол десек болады. Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл ішінде еліміз ғасырға татитын жетістіктерге жетіп, дамудың инновациялық жолына түсті. Қазіргі таңда Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Бұл ретте Қазақстан өзінің тәуелсіздігін одан әрі нығайту мақсатында мемлекеттік құрылымның әр түрлі саласында өркениетті елдердің үлгілеріне сай келетін түбірлі инновациялық жаңаруларды жүзеге асыру кезеңін басынан кешіріп отыр.  «Инновациялық даму» дегеніміз жаңа жаңалық пен ғылымды, технологияны өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында көзделген экономикалық даму бағыты. Еліміздің 2020-2025жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық дамуы Стратегиясының басты мақсаты да тұрақты өсім траекториясына шикізаттық бағыттан сервистік-технологиялық экономикаға көшу мақсатында өндіріс салаларын диверсификациялау көзделген.