ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ БАҚ РӨЛІ

2000 жылдары Қазақстан қоғамында БАҚ рөлі күрт өсе түсті. Сондықтан ақпарат кеңістігін дамытудың жаңа бағыты жөніндегі мәселе саяси реформалар бағдарламаларының басым бағыттарының біріне айналды. Қоғам
мен БАҚ-тың, билік пен журналистердің ортақ жауапкершілігі жөніндегі мәселе де ерекше маңызды еді.

Ақпарат саласының дамуы БАҚ-тың, әсіресе жеке ақпарат құралдарының саны жылдам өсуімен де ерекшеленді. Бұл демократияландыру мен либералдандыруға жалпы бет бұрғанымызды анық байқатты. 2001 жылы
Қазақстанда 1,4 мың БАҚ тіркелсе, 2007 жылы олардың саны 7 мыңнан (79 проценті – мемлекеттік емес, 21 проценті – мемлекеттік) асты. Қоғамдық-саяси және экономикалық үдерістердің факторы ретінде БАҚ рөлінің
артуы медиатоптардың пайда болуына жол ашты.

2001 жылы мерзімдік басылымдар қосымша құн салығынан босатылды, ал телерадиокомпаниялардың өз өніміне салық нөлдік мөлшерлемемен салынды. Десек те шетелдік өнімді ретрансляциялауға шек қойылды. Мұның бәрі отандық телевидениенің дамуына серпін берді, ақпарат нарығына оң әсер етті.

Безендірілуі жағынан да, мазмұны жөнінен де ерекше, қызықты, бағыты әртүрлі басылымдар пайда болды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Караван», «Время», «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттері бұрынғысынша танымал қалпынан төмендеген жоқ. Телекөрермендер арасында
«реалити-шоулар» кеңінен танымал бола бастады. Интернет саласы ерекше дүмпуді бастан кешірді. Жеке интернет-БАҚ пайда бола бастады. Бүкіләлемдік желінің Қазақстандағы қолданушыларының саны 2 миллион адамнан асты. Қазақстандықтар интернеттен жаңалықтар мен кітап оқып, музыка тыңдап, фильмдер көре бастады. Қазақстандық беделді блогерлер бой көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық ұстанымдарын нығайта түсу жолында 2002 жылдан бері Алматыда Д. Назарбаеваның басшылығымен жыл сайын өтіп келе жатқан Еуразиялық медиафорум да ерекше маңызды болды. 2012 жылы өткен мерейлі Х Еуразиялық медиафорумнан бастап Астана оның алаңына айналды. Үздік сарапшылар мен журналистерге дәстүрлі түрде сөз ұсынатын Еуразиялық медиафорум Қазақстанның жаһандық
кеңістіктегі медиатұғырын нығайтудың маңызды факторы бола білді.
Осы кезеңдегі қазақстандық БАҚ-тың даму нәтижесін мейлінше оң бағалауға болады. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік саясатты таратумен қоғамдық пікір қалыптастырудың маңызды арнасына айналды. Журналистердің қоғамдық бірлестіктері мен ел Президенті жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңес билік пен БАҚ арасындағыдиалогта көшбасшылық орынға шықты.
Жалпы алғанда, ХХІ ғасырдың басы ақпарат саласы үшін оңтайлы уақыт болды. Бұл кезеңнің басты қорытындысы – әлемдік және аймақтық ақпарат кеңістігімен өзара ықпалдас ұлттық кеңістігімізді қалыптастыра алғанымыз.