ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ ӘЛЕМДІК БЕЙБІТШІЛІКТІ ТАҢДАЙДЫ

2010-шы жылдары АҚШ-пен стратегиялық әріптестікте болу – Қазақстан үшін бұрынғыдай негізгі басымдықтардың бірі болып қала берді. Екіжақты ынтымақтастық 2012 жылғы наурыз айында Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде, 2013 жылдың қыркүйегінде Санкт-Петербургтегі «Үлкен жиырмалық» саммитінде, 2014 жылғы наурыз айында Гага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде АҚШ президенті Б. Обамамен жүргізген келісімдерінің нәтижелерімен айқындалды. Ядролық қаруды таратпау,
энергетика, сауда және инвестиция, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, лаңкестікпен және есірткі тасымалымен күрес сфераларындағы бірлескен іс-қимыл шаралары айрықша
мәнге ие болды.

Ынтымақтастықтың жарқын үлгісінің бірі – Семей полигоны бойынша жүргізілген іс-шаралар. Ядролық қауіпсіздік саммитін ұйымдастыруда полигондағы жұмыс барысы туралы Қазақстан Президенті АҚШ және Ресей
президенттерімен бірнеше рет талқылау өткізді. Нәтижесінде – полигонды радиоактивті материалдардан тазарту мәселесі шешілді.

«Біз полигондағы ядролық материалдардың барынша қауіпсіздігіне қол жеткізе алдық», – деді президент Б. Обама. Ресей президенті Д.А. Медведев те: «Семей полигонының зардаптарын жою – ынтымақтастықтың
жарқын үлгісі», – деді. Семей полигоны бойынша мәміленің соңы үш президенттің қол алысуымен аяқталғаны символдық сипатқа ие болды. Семей полигонындағы жұмыстардың аяқталғанының белгісі – үш тілдегі мемориал тақта болды. Онда: «1996–2012»: әлем қауіпсіздеу бола түсті» деген сөздер жазылған. Бұл – кездейсоқ оқиға емес-ті.

2015 жылдың маусым айында Астана қаласында І Қазақстан – Америка бизнес форумы өтті. Бұл шараға ең ірі жиырма америкалық компания қатысты. 2015 жылы Қазақстанға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж. Керри
ресми сапармен келді. Америка тарапы бұл жолы да Қазақстанның ядролық қаруды таратпау сферасына қосқан үлесін жоғары бағалап, қазақстандық бастамаларға қолдау білдірді.
Ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік сферасындағы ынтымақтастық туралы 2016 жылғы наурыз айында жарияланған Бірлескен мәлімдеме стратегиялық әріптестіктің маңызды элементіне айналды.
АҚШ Жапонияның көмегімен Қазақстандағы Алматы облысында ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығын құруды қолдады.

2010-шы жылдардың жемісі Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы өңірлік әрі жаһандық тұрғыдағы мәселелер бойынша да тұрақты, сенімді әріптесі екенін растап берді. Қазақстан-Америка стратегиялық әріптестіктің
жоғары деңгейі – Қазақстан мен АҚШ президенттерінің бірлескен күш-жігерінің жемісі.