ҚАЗАҚСТАН – СЕНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІҢНІҢ МЕКЕНІ

Қазақстан – бүкіл әлемге бейбітшіл саясатымен, жаңашылдық бастамаларымен, экономикалық жетістіктерімен, тұрақтылығымен және татулығымен танылған ел. Қазақстан дегенде ең алдымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев және еліміздің әсем астанасы ойға оралады. Қазақ Елінің барлық жетістіктері Елбасымыздың өміршең идеялары мен жасампаздық бастамаларының жемісі екені даусыз.  Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа Елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында толағай табыстарға қол жеткізіп, қарышты қадамдармен алға басып барамыз. Шындығында Елбасымыз мемлекетіміздің барлық салалар бойынша басым бағыттарын айқындап, заманның қажеттілігін дөп баса білді. Н.Ә.Назарбаевтың реформалар мен дамудың қазақстандық үлгісін сипаттау үшін қолданған «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» деген қанатты сөзі қазақ елін толағай табыс-
тарға бастаған басты ұстаным болғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жаңашыл бастамаларын санап шығудың өзі мүмкін емес. Барлық бастамалар дер кезінде, тиісті орында және тиісті деңгейде айтылып, жүзеге асып жатыр. Елбасымыздың көптеген ұсыныстары әлемдік деңгейде де қолдау тауып, жаһандық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының қалыптасуына ықпал еткенін біз әрдайым мақтанышпен айтамыз. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан тұңғыш ел болуымыз біздің бейбітшіл саясатымыздың, сенімді мемлекет екендігіміздің айғағы ретінде танылды. Қазақ Елінің осы теңдесі жоқ қадамының арқасында әлемдік қоғамдас-
тық алдындағы беделі жоғарылап, инвестициялар тартуға мүмкіндік туды. Шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына өзінің игі әсерін тигізді, еліміздің әрбір азаматы алдында үлкен мүмкіндіктер ашылды.

«Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасын қабылдап, бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енуге ұмтылудамыз. Ол үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер бар. Тек оларды тиімді пайдалана білуге тиіспіз.

Елбасымыз «Назарбаев университеті» жастарының алдында сөйлеген сөзінде: «Сендер – тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер» және «Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту –
Қазақстан жастарының таңдауы емес. Сендер – Тәуелсіз Қазақ Елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер!» – деген болатын. Бұл мақсатқа жету адам капиталы сапасының артуына, ұлттық интеллектінің белсенуіне, шоғырлануына байланысты болмақ. Яғни әрбіріміз зияткерлік белсенділігі жоғары, инновациялық дәстүрді жетік меңгере алатын ойы ұшқыр азамат болуға тиіспіз.

Қазақстанның зияткерлік әлеуетін қалыптастыру Елбасымыздың «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік жобасының өзегін құрады. Ғылыми әлеуеті мығым, кемел мемлекеттің қуатты болашағына жол нұсқаған Елбасының «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасының басты ұстыны – терең білімді отаншыл ұрпақ қалыптастыру мұратынан туындайды. Зияткер тұлға дайындау мен тәрбиелеу ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңірген отаншыл азамат қалыптастыру мәселесімен сабақтас. Демек, қазіргі таңдағы жас ұрпақ тәрбиелеудің рухани негіздері өркениет жолымен дамитын жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның кемелдік тұғырын нығайту болып табылады. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет», – деген сөзі зияткер ұрпақ тұлғасындағы басты қасиеттерді даралайды. Оның рухани және әлеуметтік негіздері Қазақстандағы мемлекеттік білім беруді заманауи технология талаптарына сай дамыту және өркениеттік биік өреде жаңғырту жүйесінде басшылыққа алынған.

Зияткерлік ұлт – жарқын болашақтың кепілі. Қазақ Елінің азаматтары зияткерлік ұлт болғанда ғана бүгінгі жеткен жетістіктерімізді жалғастырып, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерімізді жақсарта беретін боламыз. Қазіргі кезде зияткерлік ұлт болуымыз үшін алғышарттар толығымен жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының өзінде қаншама қиындықтарға қарамастан «Болашақ» бағдарламасы бойынша дарынды жастарымыздың шетелдің іргелі білім ордаларында білім алуына мүмкіндік жасады. Бұл зияткерлік ұлт болу жолындағы алғашқы қадам болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 10000-нан аса түлектері Қазақстанның мемлекеттік қызметтерінде де, жекеменшік саласында да жаңашылдықпен жұмыс жасап, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін өз үлестерін қосып жүр.

Еліміздің білім саласы басым бағытта қаржыландырылып, әлемдік білім кеңістігіндегі озат тәжірибені қабылдап, жаңаша дамып келеді. Еліміздің астанасында орналасқан «Назарбаев университеті» мен облыс орталықтарында 20 «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ашылуы еліміздің білім саласында ерекше маңызды болды. Бұл зияткерлік ұлт болу жолындағы екінші қадам еді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан
Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымының алға қойған міндеті – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тұңғыш зерттеу университеті болу. Себебі оның қызметі елдің негізгі басымдықтарының іске асырылуына, оның ішінде зерттеу әлеуетінің жедел қарқынмен өсуіне, елдің ықпалдастырылған экономика талаптарына сай келетін білім беруге көшуін қамтамасыз етуге байланыс-
ты. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, білім мен ғылым негіздерін толық игерген, ел тарихы мен мәдениетін терең білетін, өзі қалаған жақсы мамандықтың иесі, отансүйгіш, елжанды Қазақстан жастары зияткер ұлт болып, Қазақ Елін Мәңгілік Елге айналдырады деп сенеміз. Зияткерлік ұлт – бәсекеге қабілетті елдің ең басты қазынасы. Тұңғыш Президентіміз ұсынған жасампаз идеялардан туындап, ешқашан өзгермейтін осы қағиданы есте сақтап, әрдайым басшылыққа алуға тиіспіз.

Елбасымыздың сөздерін біз жастарға білдірген сенімі мен тапсырмасы және бағыт-бағдары деп түсінеміз. Н.Ә.Назарбаев-
тың үлкен кемеңгерлікпен жүргізген дана саясатының нәтижесінде Қазақстан бәсекеге қабілетті елге, әрбір азамат үшін үлкен мүмкіндіктер мекеніне айналды. Асқақтаған астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы қарыштаған Қазақстанның бейнесіндей жыл сайын жайнап, күн сайын көркейіп келеді.

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін биік деңгейде өткізу арқылы Қазақ Елінің мәртебесін бұрынғыдан да биіктетіп, абыройымыз асқақтай түсті.

«Жасыл экономикаға» бет бұрып, асыл армандарға қол созған Қазақ Елінің ғаламат мүмкіндіктерін жүзеге асыру барысында әрбір азамат өзі де рухани биік деңгейге көтеріліп, бақытқа бөленеді. Асқақ армандарыңыз жүзеге аса берсін, Қазақ Елі қарыштап алға баса берсін!

Жарқынбек ТӨЛТЕБАЙ,

«Жебе» баспа үйінің директоры,

Қазақстанның Педагогикалық

академиясының президенті.