ҚАЗАҚСТАН ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ БОЙЫНША ЖАС МЕМЛЕКТТЕР АРАСЫНДА ЕҢ БІРІНШІ

Елбасы  Н.Назарбаев әуел бастан-ақ экономикалық дамудың маңызды шарттарының бірі ретінде – қолайлы инвестициялық жағдай тудыру мәселесіне айрықша көңіл бөлді.

1996 жылдың қарашасында Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, оның басшысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары мәртебесіне ие болды. 1997 жылдың 28 ақпанында қабылданған «Қазақстанға тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» заң шетел инвесторлары үшін жасалатын жеңілдіктер жүйесін кеңейтті. Табыс және жер салығының, сонымен қатар мүлік салығының мөлшері: келісімшарт жасалған сәттен бастап, алғашқы бес жылда – 100 процент, келесі бес жылда 50 процентке дейін төмендетілді. Заң, сондай-ақ импортталатын жабдықтарды, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті шикізат пен материалдарды кедендік баж салығынан толық және ішінара босатуды қарастырды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл шаралар елімізге келетін инвестиция ағынын күшейтуге ықпал етті. Сол уақытта ұлттық экономикаға бай ресурсы, жаңа технологиялары мен орасан зор көлік-логистикалық арналары бар ірі трансұлттық корпорацияларды тарту – халықаралық бизнес-қоғамдастықтың алдында еліміздің беделін көтеру үшін де керек еді.

Кейінірек Алматыда Қазақстанның бірінші инвестициялық саммиті ұйымдастырылды. Оған ірі халықаралық компаниялар басшылары келді. 1997 жылдың 5 маусымында Н.Назарбаев әлемдік бизнестің бетке ұстар өкілдері алдында сөз сөйлеп, жас мемлекетіміздің болашағы мен әлеуеті туралы жан-жақты толық ақпарат берді. Нәтижесінде, 1997 жылдың қыркүйегінде Қазақстан экономикасындағы тікелей шетел инвестицияларының көлемі 7 миллиард долларға артып, шетел компанияларының келісімшарт негізінде бекітілген ұзақ мерзімді инвестициялық міндеттемелері 60 миллиардтан астам долларға бағаланды. Шетелдік капитал салымының көлемі бойынша Қазақстан жаңа тәуелсіз елдер арасында алдыңғы орындардың біріне шықты: Орталық Азиядағы барлық тікелей инвестициялардың 80 процентінен астамы Қазақстанның үлесіне тиді. 1990-шы жылдардың екінші жартысында Қазақстан экономикасына келген ірі инвесторлар АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Оңтүстік Корея, Франция және Жапония компаниялары болды. Қазақстан халықаралық бизнестің айтарлықтай қаржылық қолдауына ие болып, жаңа сауда кеңістігіне кірді, сондай-ақ жаңа технологияларды және озық басқару әдістерін үйренуге қол жеткізді. Шетелдік инвестиция көмегі арқасында ірі кәсіпорындардың тоқтауына жол берілмеді және сол кезеңдегі өткір әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге де сырттан келген инвестициялардың көмегі көп болды.