ҚАЗАҚСТАН СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ — КӨПВЕКТОРЛЫҚ
Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктері, аз уақыт ішінде үлкен беделге ие болуы – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқан сыртқы саясатының арқасында жүзеге асты. Сол жылдары жас мемлекетіміз жаһандық әлемдік үдерістерді түсінуде таяздық танытып, сыртқы саясаттың тек жекелеген бағыттарына назар аударса және жергілікті мәселелерді шешумен ғана шектелген болса – біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді қорғай алмай, әлемдік саясаттан тысқары қалар едік. Алайда біз кең ауқымды және көпсалалы серіктестік стратегиясын таңдап, мұндай жағдайға жол берген жоқпыз.
Қазақстанның сыртқы саясатының өзегі – көпвекторлылық, яғни дәл өзіміз сияқты тең құқылы, конструктивті, жемісті және өзара тиімді диалогқа ынталы елдердің бәрімен өзара іс-қимыл серіктестігіне ұмтылу. Қазақстан заманауи, мықты, өзін қорғай алатын мемлекет болуы тиіс деп есептеймін. Ал халықаралық істерде жау іздеген ел емес, дос табуға ұмтылған ел үлкен жеңіске жетеді. Біз еліміздің болашағы – Қазақстанның Қытай, Ресей және мұсылман әлемі арасындағы экономикалық және мәдени байланыстырушы буын ретіндегі міндетін қалай орындайтынына байланысты екенін ылғи да айтып келеміз. Егер 1990-шы жылдардың басында әлемдік қауымдастық елімізге де, еліміздің ұстанған бағыт-бағдарына да айтарлықтай көңіл қоймаған болса, ғасырлар тоғысында бұл көзқарас түбегейлі өзгерді. Халықаралық ауқымдағы қандай да бір мәселелер талқыланған басқосуларда халықаралық үдерістердің тамырын тап басып, мәселенің байыбына терең бойлайтын Қазақстанның пікірі айрықша назарға алынатын болды.
Қазақстанның халықаралық бастамалары қағазда ғана қалып қоймай, бүкіл әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болуы – осының айқын мысалы. 1990-шы жылдары біздің бастамамызбен жасалған дүниежүзілік және өңірлік сипаттағы ұсыныстар келесі онжылдықта-ақ жүзеге асырыла бастады.