ҚАЗАҚСТАН — ТҮРКІТІЛДЕС ҚОҒАМДАСТЫҒЫНДА КӨШБАСШЫ
2010-шы жылдары Қазақстан Республикасы түркітілдес мемлекеттермен – достық, тату көршілік, сенімді қарым-қатынасты жүйелі түрде дамытты және нығайтты. 2012 жылдың мамыр айында Астанаға Түркия
премьер-министрі Р. Эрдоған ресми сапармен келді. Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Екі ел президенті «Жаңа синергия» экономикалық бағдарламасына қол қойды. Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолын Түркия темір жол желісімен түйістіру, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының жанынан Қазақстан – Түркия индустриалық аймағын құру перспективасын қарастырды.
2012 жылдың қазан айында Елбасы Түрік Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркия президенті А. Гүлмен және премьер-министр Р. Эрдоғанмен кездесті. Олар ынтымақтастықтың жиырма
жылы ішіндегі негізгі нәтижелерді және болашақтағы перспективаларын қарастырды. Ынтымақтастық стратегиясы кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Қарым-қатынастың нығая түсуіне Елбасының 2014 жылы маусым айында Түркияға – Түрік кеңесі саммитіне және 2014 жылы тамыз айында Түрік Республикасы президентінің ұлықтау рәсіміне қатысуы өз ықпалын тигізді. 2015 жылы сәуірде Түркия президенті Р. Эрдоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асыру одан әрі жалғасты. Бұл ретте ол: «Біз Қазақстанға келгенде өзімізді ата-бабамыздың отанында жүргендей сезінеміз», – деген жылы лебізін білдірді.
2014 жылы Бодрум қаласында (Түркия) Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің IV саммиті өтті. Мұнда Қазақстан Түркі кеңесін нығайту және көлік коммуникациясын дамыту мәселелерін көтерді.
2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында ақпараттық саладағы өзара іс-қимылға арналған және Қазақстанның төрағалық етуіне жол ашқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің V саммиті өтті.
Н.Назарбаев болашақта Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болуы қатысушылардың мүддесіне сәйкес келетінін атап өтті. Бұдан өзге Түркі кеңесі елдерінің – Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ бен Орталық Азияның экономикалық және коммуникативтік желілерін байланыстыратын континентальды көпір болуға барлық мүмкіндіктері бар. Ынтымақтастық кеңесі мүшелерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, Ұлы Даланың үш мың жылдық тарихындағы аса маңызды оқиғаларды және оның шарықтау шегі – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын бейнелеген кең көлемді қойылымдарға баруы
символдық сипатқа ие болды.