ҚАЗАҚСТАН — ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМДЕГІ КӨШБАСШЫ

1991 жылдың 29 тамызында Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Алайда проблемалар көп еді. Сондықтан 1992 жылдың қазанында БҰҰ-да сөз сөйлегенде,  осынау ажалдың апанын жапқанымызды, бірақ аймақты сауықтырып, зардап шеккендерді емдеу, нәрестелерді қатерден қорғау үшін мол қаржы керек екенін атап көрсетті.

1993 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес ядролық қару-жарақты таратпау туралы келісімшартқа қосылуға дауыс берді. 1994 жылдың 28 наурызында Борис Ельцинмен Қазақстан аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қарулар туралы келісімшартқа қол қойылды. Келісімшартқа сәйкес, Ресей Қазақстанға ядролық шабуыл қатерінен қорғауға кепілдік берді. Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде екенін біз о бастан жақсы сезіндік. Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық замандарда да өзгелерге үлгі болуға тиісті еді. 1994 жылдың қазан-қараша айларында АҚШ Қазақстаннан (Өскеменнен) Америкаға 600 килограм жоғары байытылған уранды алып кету жөніндегі «Жақұт» операциясын іске асырды. 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай сияқты, басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдіретін.

1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей шеше алдық.