ҚАЗАҚСТАН — ЗАМАНАУИ МЕМЛЕКЕТ
Ел тәуелсіздігі бізге оңай келген жоқ. Ананың жасы, бабаның қанымен келген ерекше жеңіс, жетістік болды. Сонау алмағайып жылдарда ата-бабамыз елді, жерді сыртқы жаулардан найзаның ұшы, білектің күшімен қорғай білді. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында Тәуелсіздіктің 26 жылдығы жайлы «Тәуелсіздіктің 26 жылы – адамзат өркениетіндегі ғаламат жаһандық өзгерістер дәуіріндегі біздің халқымыздың мықты мемлекет құру және бақуатты өмірге жету жолындағы күресінің шежіресі. Бұл жылдар таңғажайып құбылыс – тарихи уақыттың жылдамдауын көрсетті. КСРО кезінде көш соңында қалғандардың қатарында саналған бұрынғы кеңестік республика небәрі ширек ғасырдың ішінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттілігі, тиімді нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамдық құрылысы мен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. Осының бәрі – Қазақстанды түбегейлі жаңғыртудың күрделі де қарқынды процесі, таптаурын ескі қағидаларды қиратқан батыл реформалар мен инновациялардың нәтижесі» деген болатын. Ол пікір әлі де өзгерген жоқ.
Отызға жаңа қадам басқан жас мемлекетіміздің жеткен жетістіктері аз емес. Алдағы уақытта да алар асуы көп екеніне сенеміз. Сеніп қана қоймай, өз үлесімізді қосамыз.