ҚАЗАҚСТАН — ЖАҢА ҒАСЫР ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА
Қазақстан үшін де, барлық адамзат үшін де 2000 жыл өліара шақ болды: ХХ ғасыр аяқталып, ХХІ ғасыр басталды. Күнтізбедегі бұрын көз үйренбеген «2000» деген ерекше санның өзі алда айрықша бір жағдайлар күтіп тұрғандай әсер туғызды.
2000 жылдың 16 қазанында Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты Жолдауын жариялады. 2000 жылғы өндіріс пен сауда айналымының өсімі жөнінде айта келе, 2001 жылы бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы 30-40 процентке көбейтілетінін хабарлады, сонымен қатар кәсіпкерлерді де жеке секторларда еңбек ететін қызметкерлердің жалақысын көтеруге шақырды. Халықтың табысын нақты ұлғайтуды және адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуды көздейтін бұл ұстаным бүкіл қоғам тарапынан қызу қолдау тапты.
Сондай-ақ таяудағы бес жылда жүзеге асырылуға тиісті бірнеше индикативті мақсаттар белгіленді: ІЖӨ деңгейін 30 процентке, еңбекақы көлемінің өсу қарқынын кемінде 25-30 процентке арттыру, ақшаның жылдық инфляциясын 4-5 процент көлемінде ұстап тұру, ІЖӨ-ге шаққанда салық түсімінің көлемін 25 процентке өсіру көзделді. 1990 жылдардағы қиыншылықтар артта қалып, Қазақстан экономикалық өсу кезеңіне қадам басты. 2001 жылғы Жолдау 2000 жылғы Жолдаудың заңды жалғасы іспетті еді. Н.Назарбаев 2001 жылдың 16 қыркүйегінде «Елдегі жағдай және 2002 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» атты Жолдауын: «Біз таңдап алған ашық нарықтық экономиканың моделі дұрыс екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді деп нық сеніммен айтуға болады», деген сөздермен бастаған болатын.
2001 жылғы Жолдаудың негізгі бөлімінде 2010 жылға дейін орындалуға тиісті басымдықтар белгіленген-ді. Әлеуметтік-экономикалық салада тұрақты әрі бәсекеге қабілетті экономика құру, ІЖӨ-ні екі есеге өсіру, халықтың жағдайын едәуір жақсарту міндеттері алға қойылды. Мемлекеттік құрылыста – билік тармақтарының өзара қарым-қатынасын жетілдіре түсу және жоспарлы түрде орталықсыздандыру, сайлау процесін жетілдіру көзделді. Сыртқы саясатта – экономикалық ықпалдастыққа бет бұру, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орнын нығайту, аймақтық қорғаныс жүйесіне белсенді қатысу, шекараны межелеу шараларын аяқтау, еліміздің ақпараттық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.
2000 және 2001 жылғы Жолдаулар стратегиямызды жоспарлаудың бесжылдық және онжылдық кең ауқымын айқын көрсетті. Қазақстан жүйелі мемлекеттік тәсіл қолдана отырып, ХХІ ғасырдың есігін жасқанбай ашатын деңгейге жетті.