ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР

1995 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Ислам конференциясы Ұйымы ның (ИКҰ) тең құқылы мүшесі атанды. Қазақстанның ИКҰ жұмысына атсалысуы мен еліміздің мұсылман әлеміндегі жағымды бейнесі ислам елдерімен қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуымыздың алғышарты болды. 1997 жылдың желтоқсанында Тегеранда өткен ИКҰ Сегізінші саммитінен бастап, бұл ұйымның бірде-бір маңызды іс-шарасы Қазақстан делегациясының қатысуынсыз өткен жоқ. Сонымен бір мезгілде ИКҰ-ға мүше елдермен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар да нығая түсті. Қазақстан тағы бір беделді халықаралық институт – ішіне Орталық Азия, Орта және Таяу Шығыстың бірнеше елі мен Тегерандағы ЭЫҰ хатшылығының штаб-пәтері қоса кіретін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) да жұмысына белсене араласты. Осы мемлекетаралық құрылымның аясында ынтымақтастықтың басты салалары энергетика, көлік және коммуникация, сондай-ақ сауда саласы болды.

Көпвекторлық ұстанымдағы Қазақстан азиялық қана емес, еуропалық бағытта да белсенді жұмыс істеді. Мұнда біз ел – қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті іс-қимылдар жасадық, атап айтқанда, 1996 жылдың шілдесінде НАТО-мен Қазақстан Қарулы күштерінің – Солтүстік Атлантика ұйымының әскери оқуларына, сондай-ақ жанжалды жағдайларды реттеу мақсатында жүргізетін операцияларға қатысуын реттейтін маңызды келісімге қол қойды.