ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЖАҢА ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТЕР

1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда бүкіл әлемнің назарын аударған кездесу болып өтті. Оған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина сияқты жаңа тәуелсіз 11 республиканың басшылары қатысты. Соның қарсаңында, 20 желтоқсанда, Қазақстан бұрынғы одақтас республикалар болған барлық жаңа мемлекеттердің тәуелсіздігін ресми түрде таныды.

1993 жылдың қыркүйегінде қол қойылған Экономикалық одақ құру туралы келісімшарт ТМД елдері арасындағы экономикалық ықпалдастықтың тұңғыш қадамы болды. Ол экономикалық процестерді тауарлар, қызметтер, капиталдар мен еңбек ресурстары еркін қозғалысқа түсетін жалпы нарық арнасына бұрады деп күтілді. Іс жүзінде жаңа тәуелсіз мемлекеттердің әрекеттері одан бұрын әрі қарайғы қаржылық-экономикалық дезинтеграцияны декларациялауы алшақтық тудыратын. ТМД мүшелерінде қатаң өзара міндеттеменің болмауынан туындаған кейбір кінәраттарға қарамастан, өзара әрекеттестіктің қабылданған форматы өмірге бейімдігін көрсетті.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы уақыт өте келе мультиформатты және анағұрлым тиімді аймақтық интеграцияға көшуге мүмкіндік беретін, тәжірибе жиналуға тиісті алаң болды. 1992 жылдың 15 мамырында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения басшылары негізгі міндеті бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту, тәуелсіздіктің ұжымдық негізде қорғалуы, аумақтық тұтастық пен мүше мемлекеттердің еркіндігі сақталуы болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойды. 1993 жылдың қыркүйек, желтоқсан айларында келісімге Әзірбайжан, Белоруссия, Грузия қосылды. Ол бесжылдық мерзіммен 1994 жылдың сәуірінде күшіне енді. Осы уақыт мерзімі аяқталған соң, Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстан өздерінің келісімдегі міндеттемелерін ұзартқан жоқ.

ТМД ішіндегі тұрақты шиеленістер мен жанжалдар, саяси қарсылықтар Қазақстанның алаңдаушылығын туындатты. Өткір проблемалардан қашқақтау, оларды қаперге алмау ауруды асқындыруға, осындай қауіпті әрекеттердің қорқынышты зардаптарының ықтималдылығын арттыратын қантөгіске, бейбіт халықтың қасіретіне әкеліп соғатын. Мемлекет басшыларының Кеңесі ішкі жанжалдарды жою және алдын алу мақсатында 1995 жылдың 10 ақпанында Алматыда өткен саммитте Қазақстан ұсынған ТМД-дағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау туралы меморандумды қабылдады. Ол шекаралардың беріктігі мен аймақтардың тұтастығын сыйлауға деген жаппай әзірлікті, сепаратизмнің кез келген әрекетін, ұлтшылдықты, шовинизм мен фашизмді тоқтатуды білдіретін. Осылайша 1990-жылдардың бірінші жартысында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының бастапқы қиын кезеңінде Достастыққа қатысушы елдермен теңқұқылы ынтымақтастық үшін ыңғайлы жағдай қалыптасты.