ҚАЗАҚСТАНДА АЭС ҚҰРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ
Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елде де энергия өндіру қажеттілігі жыл сайын артып келеді. Сонымен бірге қоршаған ортаға энергия өндірудің зияны тиіп, экологиялық ахуал нашарлауда. Баламалы энергия көзі болған күн және жел энергетикасын дамыту және өндіру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бірақ, бұл екі энергия көзі де тұрақты емес. Қыс айлары және максималды энергия пайдалану кезінде бұл энергия көздері қуат бере алмай қалады. Ал көмір мен газды пайдаланатын жылу электр стансалары (ЖЭС) өте тиімсіз және экологиялық зияны көп. Осы қиындықтардан энергия тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы – АЭС құру.
Қазақстанда АЭС салуға қарсы топтар мынадай мәселелерді алға тартады:
— АЭС зиянды радиактивті қалдықтарды көп шығарады;
— Бізде АЭС саласында мамандар және тәжірибе жоқ;
— Чернобыль және Фукусима апаттары қайталануы мүмкін;
— Ядролық отын шығындары көп;
— Қазіргі кезде АЭС құруды жоспарлауға ерте;
— Коррупция қауіпі жоғары.
Бұл мәселелердің әрқайсысына АЭС құрудың тиімді екенін дәлелдейтін ойлар мен тұжырымдар айтуға болады.
Мысалы, 1000 МВт қуатқа ие газ тұтынатын ЖЭС-да жылына 13 000 тоннаға жуық және көмірмен қуатталатын жылу электр станциясында 165 мың тоннаға дейін күкірт газы, азот оксиді, көміртек оксиді, көмірсутектер, альдегидтер және күл сияқты зиянды заттар бөлінеді.
Атом электр стансасында мұндай зиянды заттар ауаға мүлдем бөлінбейді. Қуаты 1000 МВт жылу электр стансасында отынның тотығуы үшін жыл сайын 8 миллион тонна оттегі қажет. Көмірдің құрамында табиғи радиоактивті заттар бар және ол жанған кезде ауамен араласады. Сол себепті радиоактивті заттардың көпшілігі көмірмен қуатталатын жылу электр стансалары тарапынан бөлінеді. Бұл дегеніміз жылу электр стансаларының қоршаған ортаға зияны АЭС-ке қарағанда әлдеқайда көп деген сөз.
Оған қоса АЭС-ның тиімділігін де айта кету қажет. 1 келі көмірді жағу арқылы 7 кВт/сағ энергия өндірілсе, 1 келі газ 14 кВт/сағ энергия бөледі. 1 келі ураннан 620 000 кВт/сағ энергия өндіріледі. Яғни, АЭС-тің энергетикалық тиімділігі әлдеқайда жоғары екендігін көреміз. Уран көмірге қарағанда 90 000 есе және газға қарағанда 45 000 есе тиімді болып табылады.
2007 жылдан бастап Ясауи университетінің Алматы қаласындағы ЯФИ-мен келісім-шарт негізінде, әр жылы ол институтта білім алушылар өндірістік тәжірибеден өтеді. Соңғы 17 жылда жүздеген физиктер ядролық реактор жұмысымен тікелей танысты. Биыл ЯФИ біздің университетімізде филиалын ашу туралы меморандумға қол қойды. Сондықтан бұл біздің Түркістан да АЭС кадрларын дайындауға үлес қоса алады деген сөз.
Саттарбек БЕКБАЕВ — Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің физика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты