ҚАЗАҚСТАНДА ӨНЕРКӘСІП ДАМИ БАСТАДЫ

Индустриалды-инновациялық даму стратегиясы шикізат экономикасынан әртараптандырылған экономикаға көшудің алгоритмін анықтады. «Даму стратегиясын» жүзеге асырудың негізгі құралы мемлекеттік даму
институттары – «Қазақстан даму банкі», «Қазақстан инвестициялық қоры» және «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» болды. Олардың инвестициялық жобаларды несиелеу үшін, сондай-ақ құрылған кәсіпорындардың жарғылық капитал жинақтауына қатысу үшін қаржы ресурстары жеткілікті еді. 2003–2006 жылдары даму институттары инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі салаларында жалпы құны 2,1 миллиард доллар болатын жүзден
астам жобаны қаржыландырды.
Қазақстанда жаңа өндірістер, тіпті тұтас салалар пайда бола бастады.
2003 жылы Өскемендегі «Азия-Авто» автоқұрастыру кәсіпорнында «Нива» автокөлігін шығару процесі басталды, ал 2005 жылдан бастап «Skoda» автокөліктерін құрастыру іске қосылды. 2005 жылдың тамыз айында Көкшетауда «КамАз Инжиниринг» бірлескен кәсіпорнында «КамАз» жүк көліктерін шығару басталды.

2007 жылдың желтоқсанында Павлодарда екі зауыт ашылды, олар – республикамызда алғашқы болып алюминий өндіруді бастаған «Қазақстан электролиз зауыты» және мұнай-газ саласы үшін болат құбырлар шығаратын еліміздегі тұңғыш «KSP Steel» зауыты.
Он экономикалық аймақ, атап айтқанда «Астана – жаңа қала» (құрылыс, локомотив құрастыру, авиация және химия өнеркәсібі), «Ақтау теңіз порты» (металлургия, жеңіл және химия өнеркәсібі), Алматыдағы «Ақпараттық
технологиялар паркі» (аспап жасау), Шымкенттегі «Оңтүстік» (жеңіл және тоқыма өнеркәсібі), Атырау облысындағы «Ұлттық мұнай-химия технопаркі», «Бурабай» (туризм), «Павлодар» (химия және мұнай химиясы), Қарағандыдағы «Сарыарқа» (металлургия және машина жасау), «Қорғас – Шығыс қақпасы» (логистика), «Тараз химия паркі» – даму инфрақұрылымының маңызды элементтеріне айналды.
Арнайы экономикалық аймақтар экономикалық өсімнің, инвестициялар мен технологияларды айрықша қарқынмен тарта түсудің, бәсекеге қабілетті өндірістер ашудың өзіндік көзі ретінде қызмет етті. Олар қалалардың, өңірлердің және жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына септігін тигізді. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде Қазақстанға жоғары технологиялы ірі макрожобалар енгізіле бастады, олар елдің ресурстары мен экономикалық қуатын бір бағытқа шоғырландырып, экспорт пен өнеркәсіп
құрылымын біртіндеп өзгерте берді.