ҚАЗАҚСТАНДА ҰБТ-ҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЗАТТАРДЫ КІРГІЗУ ФАКТІЛЕРІНІҢ САНЫ АЗАЙДЫ

ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайды. Мәселен, өткен жылы 1296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 756 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әрбір тестіленуші үшін бейнебақылау камераларын орнатумен байланысты.

Өткен жылы бейнежазбалар бойынша талдау жүргізіліп, 152 тестіленушінің, оның ішінде 100 грант иегерінің нәтижесі жойылды. Анықталған бұзушылықтар салдарынан бұл студенттер жоо-да оқу мүмкіндігінен айырылды. Биыл ҰБТ тапсыру пункттерінде алғаш рет үш сатылы тұлғаны анықтау жүйесі енгізілді. Тест тапсырушылар жеке куәлігін ұсынып, Face-ID жүйесі арқылы тексерілді. Сондай-ақ әрбір тестіленушінің алдында камера орнатылды. Осы шаралардың барлығы тестілеуді тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етті.

Тестілеу барысында кейбір талапкерлерден жасырын камералар, шағын құлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді. ҰБТ-2021 қауіпсіздік шаралары мен карантин талаптарын сақтай отырып, қалыпты режимде өтті. Білім беру гранттарын тағайындаудың соңғы нәтижелері тамыз айында белгілі болады.