ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ХАЛЫҚ САНАҒЫ ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы халық санағы 1999 жылдың ақпанында жүргізілді. Халық санағы елде 14,9 миллион адам өмір сүретінін және республика тұрғындарының ұлттық құрамының айтарлықтай өзгергенін көрсетті. 1989 жылғы кеңес кезіндегі соңғы санақ нәтижелерімен салыстырғанда, қазақтардың саны 1,5 миллионға дерлік артып, 7 миллион 985 мың адамға жетті (53 проценттен астам). Бұған қазақ тұрғындардың табиғи өсімі, қазақ еместердің басқа елдерге көшуі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және өзге елдердегі қандастарымыздың отанына оралуы себеп болды. Республикадағы орыс халқының саны дәл сол кезеңде 1,5 миллион адамға азайып, 4 миллион 480 мың адам болды (30 процент). Орыстар Қазақстанды мекендейтін этностардың ішінде саны бойынша екінші орында болған, әлі де солай. Қос халықтың үзілмес байланысы XXI ғасырда да жалғасатынын 1998 жылдың 6 шілдесінде Елбасы және Ресейдің көшбасшысы Борис Ельцин қол қойған мәңгілік достық пен одақтастық декларациясы тағы да нақтылай түсті. 1990-шы жылдардағы халық санағында белгілі болған демографиялық өзгерістер 1960-шы жылдары қазақтар мен өзге ұлт өкілдері арасында қолдан жасалған айырманы түзеді. Қазақ халқы тәуелсіз Қазақстанның ең көп тұрғындарына айналды. Бұлай болуы заңды да еді. 1990-шы жылдардың екінші жартысында ішкі көші-қон – ауылдан қалаға көшу де белең алды. 1990 жылы қалаға қоныс аударған ауылдықтардың саны шамамен 1,4 миллион адамға жетті. Әсіресе Алматы және Астана қалаларында үлкен өсім байқалды.