ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ КЕЗЕҢІ
Жаңа мемлекеттің берік іргетасы қаланғаннан кейін ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін өзгерістер қажет болды. Ең алдымен, болашағымызды айқындайтын негізгі стратегиялық маңызды мәселелерді шешу керек еді. Сонымен қатар алдымызда нарықтық реформаларды аяқтау және экономиканы қарқынды дамыту міндеті тұрды.
1995 жылға қарай Қазақстан экономикасы экспортты және ауылшаруашылық өнімдерін ұлғайту есебінен алғаш рет оң сауда теңгеріміне қол жеткізді. Сол жылы Үкімет, менің тапсырмам бойынша, өндірістің құлдырауын болдырмауға және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған 1996–2000 жылдарға арналған индикативтік жоспар әзірледі. Дегенмен, экономикадағы осындай жүйелі өзгерістер қарқынын күшейту қажет болды. Биліктен жылдам нәтиже талап етіп, шыдамсыздық танытушылар да аз болған жоқ. Кеңестік шаруашылық үйіндісінен – жаңа өмірге икемді экономика құрып, еркін нарықтық қатынастарға белсене араласып кету үшін екі жыл жеткіліксіз мерзім еді. Бұл – Қазақстанның үлкен жолға енді ғана қадам басқан кезі болатын.
1995 жылдың соңында Еласының тапсырмасы бойынша 1996–1998 жылдарға арналған Жекешелендіру және мемлекеттік меншікті қайта құрылымдау бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама келесі жылдың ақпанында бекітілді. Жаңа үшінші кезеңде отандық өнеркәсіптің көшбасшылары – ірі кәсіпорындар және электр энергетикасы мен мұнай өнеркәсібі сияқты стратегиялық салалар нысандары жекешелендірілді. Бұдан былай мемлекеттік меншік жеке қолға тек бір ғана жолмен – сатып алу жолымен көшетін болды. Экономиканың барлық салалары үшін арнайы бағдарламалардан басқа, кәсіпорындар үшін жеке жобалар әзірленді. Бұл жобалар сарапшылар бағалауы негізінде, орталық және жергілікті биліктерден түскен ұсыныстарды ескере отырып жасалды. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша, 14,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік нысандары жекешелендірілді. Осы кезеңде өндіріске капитал салуға жеткілікті ресурстары бар өзіміздің отандық инвесторлар алғаш рет белсенділік танытты. Ірі кәсіпорындарды сенімді басқаруға беру және одан кейін сату нәтижесінде мемлекеттік және жекеменшік капиталының қатысуымен жаңа өнеркәсіп алыптары – «Қазақмыс», Еуразиялық топ, «Қазмырыш», «Қазхром» және т. б. құрылды. 1999 жылы басталған жекешелендірудің төртінші кезеңінде барлық мемлекет меншігі республикалық және коммуналдық болып екіге бөлінді. Коммуналдық меншікке – мемлекетке тиесілі әртүрлі бизнес-құрылымдардағы акциялар, 953 акционерлік қоғам мен серіктестіктер үлестері өтті. Бұл нысандар жергілікті билік органдарының шешімі бойынша жекешелендірілуі мүмкін еді. Жалпы алғанда, 1991–2000 жылдар аралығында жүргізілген жекешелендіру (шағын, жаппай, жеке) барысында жеке қолға жалпы сомасы 215,4 миллиард теңге болатын 34,5 мың нысан көшті. Жекешелендіру процесінде қоғамда әр алуан пікір тудырған олқылықтар болғанына қарамастан, осының негізінде жекеменшік иелері мен еркін кәсіпкерлердің жаңа әлеу меттік топтары құрылды. Жекешелендіру процесі елдің әрі қарайғы әлеуметтік экономикалық дамуында жағымды ықпалы болды. Осылайша, Қазақстан экономикасы ырықтандырылған нарық жолына нық қадам басты.