ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Көлік жолдары – еліміздің бүкіл әлеуметтік-экономикалық ағзасының нағыз қан тамырлары секілді. Кең-байтақ құрлықтық ел ретінде Қазақстан тек жақсы жолға қойылған ішкі және сыртқы көлік байланысы болғанда
ғана қарқынды дами алады. 2000-шы жылдардың басындағы экономикалық өсім инфрақұрылымды дамыту қажеттілігін алдыңғы лекке шығарды. Мемлекет алдында үш міндет тұрды: ел ішіндегі автожолдар желісін дамыту, теңіз порттарына шығу мүмкіндігін табу, халықаралық көлік дәліздерін жасау.

Мүмкіндік тууына қарай, ең алдымен, жаңа теміржол желісін салу ісі қолға алынды. 2001 жылы Ақсу (Павлодар облысы) – Дегелең (Шығыс Қазақстан облысы) темір жолының құрылысы аяқталды, нәтижесінде Павлодардан Семейге дейінгі жол 1,6 мың шақырымға қысқарды. 2001–2003 жылдары Қазақстанның солтүстігін елдің батыс өңірімен байланыстырған Хромтау (Ақтөбе облысы) – Алтынсарин (Қостанай облысы) темір жолы
салынды.

2005–2008 жылдары Шығыс Қазақстанның әкімшілік орталығын еліміздің темір жол желісімен тікелей жалғайтын Өскемен – Шар теміржол магистралінің құрылысы жүргізілді. 2009–2012 жылдары Қорғас – Жетіген
(Алматы облысы) жаңа теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен шекараға шығатын екінші бағытымызға айналды. Жаңа теміржолдар Қазақстанның өз ішінде де, транзит мәселесінде де ара қашықтықты, уақытты, тасымал шығынын едәуір қысқартты.
2001 жылы Автожол саласын дамытудың 2001–2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 15 мың шақырым жол қайта қалпына келтірілді. Ертіс және Жайық өзендері үстіне салынған жаңа көпірлер,
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс – Атамекен және Қызыләскер – Асықата автожолдары инфрақұрылымның ірі жаңа нысандары болды, аса маңызды Астана – Алматы автомагистралі қайта қалпына келтірілді. 2009 жылдың қарашасында Қазақстандағы алғашқы Астана – Бурабай автобаны ашылды.

Қазақстан мен Қытайдың 2004 жылғы келісімі бойынша құрылған Шекара бойындағы ынтымақтастықтың «Қорғас» халықаралық орталығы Шығыс Азияға ашылған қақпа іспетті болды. Қазақстан – Қытай шекарасындағы
«Достық – Алашанькоу» және «Қорғас», сондай-ақ Түрікменстан мен Иран арасындағы «Серахс-Мешхед» шекаралық теміржол өткелдері жаңа транзиттік дәліздердегі өзара қатынасты едәуір күшейтті.
Ақтау халықаралық теңіз портын қайта қалпына келтіру Қазақстанның Каспий теңізі арқылы халықаралық көлік маршруттарына қосылуына мүмкіндік берді. Бұл кезеңде Қазақстан көлік саласындағы екі стратегиялық мақсатқа қол жеткізді: Каспий және сол арқылы жанама түрде – Қара теңіз-Жерорта теңізі және Балтық бассейндеріндегі, Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы порттарға тура жол ашылды, сондай-ақ ірі
ауқымдағы транзит жүк ағыны үшін қолайлы жағдай жасалды.

Азаматтық авиация саласында 2000-шы жылдары Астанада, Алматыда және Атырауда транзитті хаб-әуежайларды дамыту басым бағытқа айналды. Сонымен бір мезетте облыстық әуежайларды қайта қалпына келтіру жұмысы да жүргізіле берді. 2001 жылы британдық BAE Systems компаниясымен бірлесіп, жаңа ұлттық әуе тасымалдаушы – Air Astana әуе компаниясын құру туралы ойдың нағыз көреген шешім болғанына кейінірек көз жетті. Сол уақытта «Эйр Қазақстан» әуе компаниясы менеджментіндегі дағдарыс бүкіл отандық авиациядан айырылуға апарып соғуы мүмкін еді. Егер жаңа компания құрылмағанда, біз қазір мүлде авиациясыз отырған болар едік. Air Astana-ны іске қосу өзін-өзі толық ақтады – 2000-шы жылдардың ортасынан бері қарай
бұл компания елдегі әуе жолаушыларының негізгі ағынын қамтамасыз етті және Орталық Азия, Шығыс Еуропа, ТМД елдері әуе тасымалдаушыларының рейтингінде алдыңғы орындарды иеленіп жүрді.
2006 жылы ұлттық көлік жүйесін еуразиялық көлік дәліздеріне кіріктіруді басым бағыт етіп белгілеген 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы қабылданды. Сонымен бірге Қазақстанның халықаралық сауда ағындарына енуі
ел өңірлерін дамытумен жүйелі үйлестіріліп отырды.