ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРЖЫ СЕКТОРЫНЫҢ ДАМУЫ

2000-шы жылдардың басында Ұлттық банк жауапкершілігінің аясы кеңейіп, рөлі арта түсті. Оның құзырына сақтандыру және банктік бақылау, құнды қағаздар нарығын қадағалау және жинақтаушы зейнетақы қорларын басқару функциялары топтастырылды.
2001 жылдан бері макроэкономикалық тұрақтылық жағдайында Ұлттық Банк ақша-несие саясатының бағыт-бағдарын алдын ала үш жылға айқындап қоятын болды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, 2003 жылы Ұлттық
банктің кейбір өкілеттіктерін өз құзырына алған Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттік құрылды. Осының бәрі ұлттық қаржы жүйесінің тиянақты жұмыс істеуіне және отандық банктердің серпінді дамуына қозғау салды.
2005 жылы Ұлттық банктің сақтық қоры 7 миллиард доллардан асты (1993 жылы теңге айналымға алғаш шыққан кезде ол 452 миллион доллар еді). 2000–2007 жылдары банк секторы республикамыздағы қаржы жүйесінің ең ірі және шапшаң дамып келе жатқан сегменті саналды. 2003 жылдан бастап отандық коммерциялық банктер қаржы есебін берудің халықаралық стандарттарына көшті.

Осы кезеңде экономиканы несиелеу банктер үшін басты басымдыққа айналды. 2006 жылы екінші деңгейлі банктердің жиынтық несие қоржындары 3 триллион теңгеден асып кетті (1996 жылы бұл көлем 60 миллиард
теңгені құраған-ды). Елімізде екінші деңгейлі 34 банк жұмыс істеді, соның ішінде Қазақстан бейрезиденттерінің тоғыз еншілес банкін қоса алғанда, шетелге қатысы бар 14 банк болды. Жалпы несие қоржынындағы орта
және ұзақ мерзімді қарыздардың үлесі үнемі өсе берді. Екінші деңгейлі банктердегі халық депозиттері жылдам қарқынмен ұлғая түсті. Жан басына шаққандағы салым мөлшері жөнінен Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер
арасында ұдайы екінші орын алып отырды.
Қазақстанның банк секторы ТМД елдері арасында ең үздік нәтижелер көрсетті. 2000-шы жылдардың ортасында бұл жетістікті халықаралық ұйымдар мен рейтинг агенттіктері ресми түрде мойындаған болатын.
2000-шы жылдардың басында төлем жүйелері шапшаң дами бастады. Қазақстан толықтай дерлік төлемнің электронды тәсіліне көшті, мұның өзі аталған процестің атқарылу уақытын он күннен екі сағатқа дейін жылдамдатты. 2003 жылдан бастап халықаралық төлем карталарымен есеп айырысуға мүмкіндік туды. Он шақты жыл шамасында айналымдағы төлем карталарының саны 9 миллионға дейін өсті. Мұндай картаға зейнеткер мен
студенттен бастап, әрбір қазақстандық ие болды десек, артық емес. Төлем жүйелерінің дамуы ұлттық қаржы инфрақұрылымының жетіле түскенін көрсетті.