Қазақстандық басылымдар Абу-Даби Халықаралық кітап көрмесінде

Қазіргі еліміз рухани жаңғыруға бет алған кезеңде ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін әлем жұртшылығына таныстыру, үздік шығармаларды насихаттау  маңызды міндеттердің бірі.

Үстіміздегі жылдың 25 сәуір және 1 май аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында  2018 жылғы Абу-Даби халықаралық кітап көрмесі өтті. Биылғы жылы көрмеге 63 елден 1500 қатысушы қатысты. Көрменің ашылуында Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрі Шейх Абдулла бен Зайед әл-Нахайан биылғы жылдың құрметті қонағы — Польша елінің стендін салтанатты түрде ашты. Польша делегаттары құрамында авторлар, зиялы қауым өкілдері және суретшілер, музыканттар, аспаздар болды. Олар поляк әдебиетінің алтын классикасы мен Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын, сондай-ақ қазіргі заманғы шығармалар, әдеби шығармалар арқылы поляк мәдениетін, дәстүрін, өткен кезеңін және қазіргі динамикалық дамуын араб халқына жан-жақтылы таныстырды. Кәсіби бағдарлама кезінде поляк кітаптар нарығы мен аударма, авторлық құқықтарды басқару сөз болды. Балаларға арналған іс-шараларға поляк әртістері мен ұстаздары өнер көрсетті, аспазшылар ұлттық тағамдарының тарихын түсіндірді.

Аталмыш көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының ұйымдастыруымен қазақстандық бір топ баспа ісінің мамандары қатысты.

Қазақстандық делегация құрамында «Дәуір» РПБК директоры Светлана Назарбаева,  коммерциялық директоры  Балжан Ракишева, ҚР Ұлттық кітапханасы Сыртқы байланыстар және франдрайзинг тобының жетекшісі, БПКА Жобалар бойынша директоры Баян Қабылаш, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Жадыра Тойбаева, «By production» директоры Маржан Сәдуақасова, аудармашы Перизат Қайрат, т.б. қатысты. Қазақстан стендінде қазақ, ағылшын, араб тілдерінде 200-ге жуық басылым көрме қатысушыларының назарына ұсынылды. Онда көркем әдебиеттермен қатар балаларға арналған кітаптар, оқулықтар, құжаттамалық-деректі басылымдар бар.

Көрменің бірінші күні, Абу-Даби Мәдениет және туризм басқармасының арнайы шақыруымен «Дәуір» Республикалық баспа полиграфия кешенінің директоры Светлана Назарбаева кәсіби бағдарламаға қатысып, «Мәдениет. Кітап ісі: Қазақстандағы тұрақты даму жолындағы қозғалыс» атты баяндама жасады. Баяндамаға елшілер, дипломаттар, араб елінің зиялы қауым өкілдері қатысып, Қазақстанның мәдениеті, табиғаты, салт-дәстүрі және баспа саласының тарихы мен жетістіктері туралы толық мағлұмат алды.

Бұл шараға Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф мырза тікелей қолдау білдіріп, көрменің сәтті өтуіне барлық жағдайды жасады. Бұл кітап көрмесі Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени, рухани байланыстарды нығайту бағытындағы нақты қадамдардың бірі болды дей аламыз.

30 сәуір күні Шейх Зайед кітабының жеңімпаздары ресми медальдармен марапатталды. Салтанатты рәсім Saadiyat аралдарындағы мәдени кеңістіктегі «Манарат-әл-Саадий» көрмесінде өтті, онда Лувр Әбу-Даби және Зайед ұлттық мұражайы орналасқан. Абу-Даби Туризм және мәдениет басқармасының кеңесшісі Саиф Саид Гобаш қатысушыларға Шейх Зайед кітабы марапаты мақсатының мәдени көпірді қалыптастыру екендігіне тоқталды. Ол БАӘ-нің дініне немесе түсіне қарамай, адамзатты байланыстырудағы жұмысын мақтан тұтатынын атап айтты. Шейх Зайед кітабы марапатының Бас хатшысы доктор Али Бин Тамим, Шейх Зайед бен Сұлтан Әл Нахаянды еске алып, Шейх Зайедтің өлеңдерінен, сөздерінен үзінділер келтірді, жылы лебіздерін білдірді. Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі           Шейх Мансұр бен Зайед әл-Нахаян 2018 жылдың жеңімпаздарының сыйлығын ұсынды. Әрбір жеңімпаз 750 000 дирхам (204 000 АҚШ доллары) сыйлығына ие болады, ал «Жылдың мәдени адамдары» номинациясының жеңімпазы 1 миллион дирхам (272 мың АҚШ доллары) алады. 2018 жылы Зайедтің 100 жылдық мерейтойын атап өту үшін БАӘ-дегі Зайед жылы деп белгіленді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сыртқы байланыстар және фандрайзинг тобының топ жетекшісі Баян Кабылаш  2018 жылғы «Шейх Зайед» кітабы марапаттауының «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша лауреаты Хесса Әл Мехаири ханыммен

 

Міне, осы айтылғандарды түйіндей келе, мұндай іс-шаралар Қазақстан Респубикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы мәдени, рухани байланыстардың жаңа кезеңіне қадам басқандығын аңғартады дей аламыз.

«Қамшы» сілтейді