Қазақстандық «Эркюль Пуаро», «Шерлок Холмстар» қайда жүр?
Бұрын «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан бельгиялық жеке із кесуші Эркюль Пуаро туралы шытырман оқиғалы телехикая көрсетілгені елдің есінде. Оған дейін әлемге әйгілі Шерлок Холмстың да өз ісінің кәсіби маманы болғандығын жақсы біліп келдік. «Жеке із кесуші» десе, ойымызға ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен сол Шерлок Холмстың бірден орала кететіні рас. Ал Кеңес одағы кезінде бұлар сынды жекеменшік детектив туралы әңгіме қозғау мүлде мүмкін емес еді. Қазір керісінше, көрші мемлекеттердің ішінде Ресейдің өзінде жеке із кесушілік қызметі жұмыс істеп, оң нәтиже көрсетуде.
Жалпы, өз еркімен жеке із кесушілікке баратындардың барлығы – бұрынғы құқық қорғау органдарында қызмет атқарған мамандар. Олар өздерінің көп жыл бойы жинақтаған мол тәжірибелерін одан әрі жалғастырып, қылмысқа қарсы күреске жұмсауға бел буып кіріседі. Бұрынғы тәртіп сақшылары зейнетке шыққан кезде азаматтық өмірге бейімделе алмай, тоқырап қалады. Қоғамға әлі де болса пайдасын тигізуге мүмкіндіктері жетіп, күш-қайраттары тасып тұрған жастарында жұмыссыз қалса, күйзеліске де ұшырайды. Сондықтан да олардың жетік меңгерген істерін одан әрі жалғастырғаны жөн сияқты.
Еске сала кетсек, 2011 жылы Ақордада құқық қорғау органдары жүйесіне демилитаризация жасауды бастау қажеттігі жөнінде жиын өткен еді. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамға жеке детектив қызметін енгізу керектігі жайында сөз қозғап: «Мұның өзінде жеке детектив қызметін енгізу заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін, мемлекет мүддесін сақтау мүмкіндіктеріне байланысты бірқатар шарттармен және шектеулермен сабақтасуы тиіс», – деген болатын. Иә, нарық замаманының өз талабы бар. Біз де тәуелсіздік алғалы бері әлемнің дамыған елдерінің озық үрдістерін үйреніп, жүзеге асырып жатырмыз. Тіпті, 2005 жылы әлгіндей жеке із кесушілік қызметті легализациялау туралы заң жобасы дайындалып, Парламент қарауына ұсынылды. Артынан пікірсайыс өршіп, бұл жұмысқа қарсы тарап басым түскендіктен, заң жобасы кері қайтқан болатын. Одан кейін ше?
– Жеке із кесушілер институттары құқықтық мемлекеттерде бағзы заманнан жұмыс істейді. Біздің елде бұл мәселе қызу талқыланып барып, басылып қалды. Алайда, заман талабы болғандықтан, қайта айналып келіп отырмыз, – дейді «Адвокаттар форумы» қоғамдық ұйымының төрағасы Таир Назханов. Нақты талапқа сүйенсек, жеке із кесуші бұрын сотталмаған, жоғары заңгерлік білімі бар, кем дегенде 3 жыл құқық қорғау органында еңбек еткен адам болуы тиіс. Кез келген қылмысты ашудағы маңызды тетік – ақпараттың молдығы. Ал қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдары болсын, қорғаушылар болсын, жеке із кесушілермен бірлесе жұмыс істесе, бұл шешім қоғамдағы тыныштықты сақтаудағы маңызды күш болмақ. Егер заң қабылданса, жеке із кесушілердің ақпаратты құпия сақтауларына, қандай жағдайда да жария етпеулеріне, адамдардың жеке өмірлеріне қол сұқпауларына баса назар аударылуы қажет. Себебі, жаңа заманда құқық қорғау органдарының қызметі заңдармен реттеліп, толық қалыптасқан деңгейде. Елімізде «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» және «Жедел іздестіру қызметі туралы» заңдар бар. Осы екі заңға сәйкес, қылмыстық іздестіру жүйесінің еншісіне бөлінген қомақты қаржының барлығы қоғамның игілігіне жұмсалуда. Сондықтан да жеке із кесушілерді қылмыстық іздестіру қызметінің бір балама түрі деп қана қарастыру керек.