ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БАТЫЛ ҚАДАМЫ
1996–1997 жылдарда Қазақстанда 162 мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны жекешелендірілді. Бірақ нарықтық жағдайда көптеген ауыл тұрғындары мүліктік жарналар мен шартты жер үлестерін өтеусіз алса да, меншігіне алған шаруашылығын дұрыс жолға қоя алмады. Соның салдарынан көптеген өндірістік кооперативтер өз активтерін тиімді пайдаланып, іске жаратудың орнына, қайта өңдеуші және қызмет көрсетуші ұйымдардың акцияларын арзанға сатып, көп ұзамай-ақ негізгі және айналым қаражатынан айырылып қалды.
Нарықтық экономиканың әрі қарай дамуы жер қатынастарын қайта қарап, батыл шешімге келуді талап етті. Қарыз ауыртпалығынан құтылған жаңа шаруашылықтарға үлкен үміт артылса да, ауыл шаруашылығы айналымында қаржы-қаражаттың болмауы – саланың дамуына қолбайлау болып, адымын аштырмады. Коммерциялық банктер кепілге қоятын өтімді мүлкі жоқ шаруа қожалықтарына несие беруден бас тартты. Қиындықтан шығудың қажетті жолы – жерге жекеменшік енгізу сияқты болып көрінді. 1995 жылғы Конституцияда жерге мемлекеттік меншік те, жекеменшік те бола алатыны көрсетілді. Қоғам жерді жекеменшікке беруге толық дайын емес еді. Ірі латифундистердің – алпауыт жер иелерінің пайда болу қаупі қоғамды қатты мазалады. 1999 жылдың шілдесінде әзірленіп, Парламентке ұсынылған ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшік құқығын белгілеген «Жер туралы» заң жобасы сынға ұшырап, қайта қарауға жіберілді. Осы кезде Елбасы толыққанды нарықтық экономика жағдайында жерге жекеменшіктің болуы міндетті нәрсе деп білгендіктен, жер реформасы туралы талас-тартыс басталған кезде-ақ осы пікірін дәйекті түрде қорғап, табанды түрде жақтап сөйледі. Халық мүддесін қорғау – мемлекет басында отырған адамның ең бірінші парызы. Сондықтан қоғамдық көзқараспен санасу қажет деп біліп, ерте ме, кеш пе мемлекет шешуші қадам жасайтынына сене отырып, ойланып батыл әрекет жасады.