ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕАОЭ-ДАҒЫ ТӨРАҒАЛЫҒЫ

2016 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстанның ЕАЭО-дағы төрағалық қызметі басталды. Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті басқарды.
ЕАЭО-дағы 2016 жылғы қазақстандық төрағалықтың басымдығы үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен – ең алдымен, Еуропалық одақпен және Қытай Халық Республикасымен экономикалық
қарым-қатынастардың тереңдеуі болды.
Н.Назарбаев әрқашан да Еуразиялық экономикалық одақты – әлемдік экономикаға органикалық түрде кіріккен, Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір, ашық қауымдастық деп таныды. Сонымен бірге түрік экономикасының маңыздылығын ескере келе, Түркияны еуразиялық экономикалық интеграция үдерісіне тарту екіжақты пайдалы болуы мүмкін деп есептеді.
Бұл ұсынысты Елбасы 2013 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Минскіде өткен отырысында, Түркияның Кеден одағына қызығушылығы бар екенін хабарлағанда айтқан болатын. Түркия Республикасының
қатысуы – еуразиялық интеграцияның сипатына қатысты көптеген сыртқы қауіптерді жоюға көмектескен болар еді.

2016 жылы мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Н.Назарбаев ЕАЭО-ның Қытаймен, Үндістанмен, Израильмен, Сербиямен, Египетпен, Иранмен, Камбоджамен және басқа елдермен ынтымақтастыққа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еуропалық одақпен, ШЫҰ-мен, АСЕАН-мен сауда-экономикалық байланыстар мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазақстанның Еуразияшылдығы, сөздің кең мағынасында, біздің қалыптасқан мемлекеттің ерекше саяси-экономикалық артықшылығы болды. Нарық шекаралары Қытай мен Орталық Азияның, Қазақстанның Ресей
және Беларусь арқылы еуропалық нарыққа шығуына мүмкіндік жасайды.
Мұндай геоэкономикалық жағдай біздің елімізге Шығыс пен Батыс ынтымақтастығында маңызды дәнекер болуға мүмкіндік береді. «Үлкен Еуразияға» – осынау қалыптасып келе жатқан экономикалық мегакеңістікке –
Еуразия құрлығының дәл ортасындағы ел, беделді, сенімді және қажырлы Қазақстан әрқашан да қажет болады.

Елбасы еуразиялық интеграциялық үдерістерге қатысты шынайы ақпараттардың әлемдік элитаға жетуі үшін әрбір мүмкіндікті пайдаланып отырды. 2016 жылы наурызда Вашингтон қаласында АҚШ қайраткерлерімен кездескенде Н.Назарбаев: «ЕАЭО қандай да бір КСРО-ны қайта құру жөнінде әңгіме болып отырған жоқ және болмақ та емес. «Қырғи-қабақ соғыстың» қатып қалған ұғымдарынан арылу керек. Ол біздің болашаққа сеніммен қарауымызға кедергі келтіреді. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл таза экономикалық жоба» деді.