ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ
1994 жылдың 29 наурызында Мәскеу мемлекеттік университетінің мінберінен Н.Назарбаев Еуразиялық одаққа бірігу қажеттігін мәлімдеді және Достастықтың зиялы элитасын, ТМД құрылғаннан кейінгі екі жылда бір орында табандап қалған, көпқырлы ықпалдастыққа тың серпін беруге шақырды.
Қазақстанның еуразиялық жобасы жаппай қызығушылықпен қоса, үлкен резонанс пен қызу пікірталастар тудырды. Оны әртүрлі елдердегі ондаған партиялар мен қозғалыстар, белгілі қоғам қайраткерлері қолдады.
Еуразиялық бастама нағыз жаңашылдық болатын. Біз 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы күрделі ахуалды ескерумен қоса, болашақты да болжадық. Сол кезде Қазақстанның креативті ниетін қабылдауға кейбір посткеңестік елдер басшыларының келіспеуі содан болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, сол кезде жүзеге аспаса да, еуразиялық жоба жаңа мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттестіктің нығаюы мен дамуында үлкен рөл атқарды және еуропалық, сондай-ақ ортаазиялық аймақтың өзара әрекеттестік жүйесін қалыптастырудағы біздің батыл шешімімізді көрсетті. 1994 жылдың 13 сәуірінде, Н. Назарбаев Шолпан-Атада еуразиялық бастамамен сөз сөйлегеннен кейін бір айдан соң, Өзбекстан және Қырғызстан жетекшілерімен бірге Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойды. Осылайша, болашақтағы ортаазиялық экономикалық ынтымақтастық құқықтық негізге ие болды. 1995 жылдың қаңтарында Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойды және Ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бағдарламасын қабылдады. Сол кезде қол қойылған келісімнің бәрі бірдей жүзеге асқан жоқ. Дегенмен, жаңа мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастың күрделілігіне қарамастан, еуразиялық экономикалық одақ міндетті түрде болатыны күмәнсіз еді.