ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ

2017 жылдың басынан бастап біздің мемлекетіміз бен қоғамды жаңартудың үшінші бағыты іске қосылды. Бұл – конституциялық – және кеңірек алғанда – саяси реформа; экономиканы жаңғырту; қоғамдық сананы жаңарту. Түп мәнінде, бұл қатар жүретін бұл үш үдеріс Қазақстанда үшінші жаңғырудың басталғанын білдіреді.

Үшінші жаңғыру еліміздің алдына тағы бір үлкен мақсат қояды – Қазақстанның жаңа жаһандық ахуалда бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін, XXI ғасырдың ортасында әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің
қатарына қосылуға жағдай туғызатын экономикалық өсудің жаңа моделін құру.
Белгіленген саяси реформаның мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және мемлекеттің халық алдында есеп беруін қамтамасыз ету, Президент пен биліктің заң шығарушы тармағының арасында
өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік шешімдерді дайындау мен қабылдау үдерісіндегі азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қабылданған қажетті заңдар мен заңнамалық өзгертулер қоғамды одан әрі демократияландыруға қызмет етеді.

Елбасы ұсынған экономикалық қайта өзгертулер – өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жабдықтауды жеделдетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, бизнес шығындарын азайтуға және батыл, қайта реттеуге, экономиканың жаңа секторларын құруға бағытталған. Жаппай кәсіпкерлікті кеңінен дамыту, соның ішінде әлеуметтік салада, тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жоспарланды.

Н.Назарбаев бұл туралы былай деді: «Осыншама кең көлемді міндеттерді шешу үшін, ең алдымен, өз санаңды өзгерту керек – тап осы себепті мен саяси және экономикалық реформалардың өзегі ретінде қоғамдық сананың жаңғыруына басымдық бердім. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында өз мәдениетіңнің берік іргетасына сүйене отырып, жаңа құндылықтарды қабылдау үшін қоғамдық сананың ашықтығы қажет. Ең үздік дәстүрлерімізді нарықтық қағидаттармен, алдыңғы қатарлы технологиялармен біріктіру – міне, Қазақстан
халқы үшін ХХІ ғасырдағы ең басты міндет осы».

Осылайша, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы реформалар саяси институттарды әрі қарай дамытуға, Қазақстанның мемлекеттігін нығайтуға, оның мығымдығын арттыруға, ұзақ мерзімді перспективада
әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге қабілетті экономикадағы құрылымдық реформаларға бағытталған.