ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ — НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛҰЛЫ

Қазақ халқының бағына туған, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп қысқа ғұмыр кешсе де, елі үшін емініп еңбек еткен есіл ер Нәзір Төреқұлұлының атын естігенмен атқарған қыруар шаруасын екінің бірі білсе, бірі білмес.

Ол – қажырлы қайраткер әрi сақа саясаткер, дарынды дипломат әрi ғалым, қаламы қарымды баспагер, тамаша ұйымдастырушы әрi реформатор.

1892 жылы Түркістан өңіріндегі Қандоз ауылында дүниеге келген. Бірақ оның туған жеріне қатысты таласты әңгіме әлі күнге дейін бар. Біреулер оны Қоқанда туған десе, кей ғалымдар қазақ жерінде дүниеге келгенін айтады. Саналы ғұмыры Қоқанда өткен Нәзірдің ұлтын өзбектер “өзбек” деп те жүр. Ал Нәзірдің өзі замандасы Шәріп Байшораға: “Мен де өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын”, — деп айтқан көрінеді.

Нәзір алғашқы білімді жәдидтік бағыттағы медреседен алды, медресе қабырғасында жүріп араб тілін үйренді. Құран сүрелерін жатқа біліп, Ислам негіздерімен танысты. Оның осы жерден алған білімі Ислам дінінің қасиетті қос қаласы орналасқан Сауд Арабиясында елші болып қызмет еткенде көп көмектесті.

Әкесі орысша сауатты болуына мән беріп, өзге ұлт өкілдеріне арналған орыс училищесіне берді. Мұнан кейін Мәскеудегі коммерциялық училищені тәмамдады. Училищеде Нәзір экономика негіздерін, сауда байланыстарын меңгерді.

Медреседе алған тәлімімен араб тілінде оқуды, жазуды меңгерсе, кейінірек орыс оқуын оқыған жылдары француз, неміс тілдерін үйренді, ал түрік тілін «жасынан жетік білген». Міне, осылайша Нәзір Төреқұлұлы нағыз полиглот болып қалыптасты.

Бірақ, осы кезде бұрқ ете қалған соғыс өртінен Нәзір де аман қала алмады. 1916 жылдың 25 шілдесіндегі Патша жарлығынан кейін Батыс майданының бел ортасынан табылды. Онда да құр жүрместен майданда жүрген жерлестерінің басын қосып, «Еркін дала» ұйымын құрды. Осы ұйым арқылы жерлестерін ұлт-азаттық қозғалысқа үндеді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін еліне қайтып, “Халық газетін” ұйымдастырып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласып кетеді. Міне, осыдан кейін Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп қазақтың, діннің мүддесін талай қорғады. Оған ғалым Рахманқұл Бердібайдың мына жазғандары дәлел: “Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселелеріне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген мақалалары мен баяндамаларында қадай айтып, ұғындырып отырады. “Ислам және коммунизм” деген мақаласында (“Қызыл байрақ”, 16.12.1921) Нәзір исламның пайда болу тарихын айта келіп, оның көптеген ұлттар мен ұлыстарды бірлестірудегі пайдалы қызметін көрсетеді, адамның ождан, наным-сенім бостандығына шек қойылмайтынын мәлімдейді”.

1920 – 1922 жылы саясатқа, ел басқару ісіне араласып, Түркістан өңірінің екі тізгін, бір шылбырын қолға алды. Түркістан Коммунистік Партия Орталық Коммитетінің төрағасы болды, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік (большевиктер) Партиясы Орталық Коммитетінің Түркістан бюросының, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі болып түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Осы кезде Ташкент, Түркістан, Бішкек, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Әулиеата, Бұқарада көптеген оқу орындарын, колледждер мен институттар ашты, білімнің алтын діңгегін қақты.

Және бір ерекше айта кетер жәйт- қылышынан қан тамған Кеңестік кезеңнің қырынан қорықпай, республика көлемінде демалысты жексенбіден жұмаға ауыстырып, Құрбан айттың үш күнін демалыс деп бекітті. Мұндай «үй ішінен үй тіккен» әрекеттер Орталыққа ұнамасы анық еді.

1927 жылдан Нәзір Төреқұлов Хижаз, Нәжд және оған қосылған аймақтардағы (1932 жылға дейiн Сауд Арабиясы осылай аталған) Кеңес өкiметiнiң Дипломатиялық агентi және Бас Консулы ретiнде Сенiм грамотасын табыстады. Ежелден елшілерге артылар жүк ауыр. Олар — екі елдің арасындағы алтын көпір. Осы үлкен міндетті абыроймен атқарып, Кеңес Үкіметі мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыстарды нығайта білді.

Қай істе болмасын алысты болжай білетін көрегенділігін танимыз. Тіпті, қазақ графикасын ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылғанда: «Орыс әліпбиінің майданы тар, орыс, бұлғар секілді елдерден басқа онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең. Біз кең майданға шығуымыз керек» деген екен.

Әйтсе де, қай қызметтің құлағын ұстаса да қаймана қазағының қамын жеген біртуар тұлғаның «шамадан тыс ұлтшылдығы» жоғары жаққа ұнай қоймады.

«Үштіктің» шешімімен 1937 жылдың 3 қарашасында ату жазасы туралы үкім шығарылып, сол күні Мәскеуде орындалды.

Нәзір Төреқұлұлы — ақтық демі үзілгенше Елі үшін дамылсыз еңбек еткен есіл ер.

Алтын АСҚАР