ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙ ӨНЕРІ ӨЛІП БАРА ЖАТСА, СОНЫҢ ЖАЛЫНА ЖАРМАСҚАН АҚСЕЛЕУ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арналған кеш

Саналы ғұмырын сайын даласының тарих-тамырын тануға, ұлттық құндылықтарын зерделеуге, төлтума мәдениетін тірілтуге арнаған қазақтың біртуар перзенті Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Шымкент қаласы №80 ІТ мектеп-лицейінде аталып өтті. «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ: БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ДАМУЫНДАҒЫ БАҒДАР МЕН БЕЛЕС» атты инвент-жобаға ғалымдар, әдебиет саласының майталмандары, ардагер ұстаздар қатысты.

Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, бұл жиынның өзге кештерден болмысы бөлек болды. Келген қонақтарды 150 оқушыдан құралған ұлттық аспаптар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Аты ІТ болғанмен, заты ұлттық табиғатынан алыстамаған білім ордасының бастамаларын көріп марқайдық. Тәуелсіз елдің 30 жылдағы жеткен жетістігін көрсеткен 30 сабақ бір мезетте өтіп жатты.

Қадірменді меймандар Ақселеу Сейдімбек атындағы кабинеттің ашылуына қатысты.   «Ұлттың төл шежіресін төр шежіреге айналдырған алғашқы ғалым — Ақселеу» екені тілге тиек етілді. Кабинетті өте жақсы жасақтаған. Тіпті терезеге тағылған жапқыштарға дейін ортақ идеяға жұмылдырылған. Бірінде бәйтерек монументінің (Ақселеу самұрық құс жайлы ертегінің желісінде жазған), екіншісінде даланың (Сарыарқа төсінің) және бірінде домбыра мен қобыздың бейнелері салынған. Мұндағы әр картина, әр детальді түртіп қалсаң Ақселеу Сейдімбектің бір қырынан хабар береді.

Мәселен,  

  • Бұрын жиналмаған да зертелмеген қазақтың күй аңыздарын алғаш рет қағаз бетіне түсіргенін,
  • Қазақстанда «көшпелілердің төлтума мәдениеті», «көшпелілер өркениеті» сияқты ұғымдардың орнығуына тегеурінді үлес қосқанын танимыз.
  • Шежірелік деректерді кең көлемде пайдалана отырып, қазақ халқының ру-тайпалық құрылымын толық қалпында саралап бергенін көреміз.
  • Алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болуы, алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстыруы да ұлт қазынасына қосылған қомақты үлес.
  • Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» («Ақтанбердінің толғауы») сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтіргені үшін де есімі қазақ мәдениеті тарихында алтын әріптермен жазылған.

Міне, осындай сегіз қырлы, бір сырлы талант Ақселеу Сейдімбектің бар қырын ашып көрсетуге талпынған мектеп ұжымының ізденістеріне алғыс айттық.

Спорт залда тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату сияқты ұлттық ойындар ойналып, қыран бүркіт пен құмай тазы жетектеген жігіттердің өнеріне тамсандық. Ғалым демей, бала демей жамыраса асық ойнауға асыққанын көргенде «ұлттық кодтың» ескірмейтініне көзіміз жетті. 

Мектеп оқушыларының арнайы дайындаған концертін тамашаладық. Ғалымның Жаңаарқа жерінде шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сахналанды. «Сарыжайлау» әнімен Сарыарқаның төсін кезсек, «Күмбір де күмбір кісінетіп» деп күңгірлей шыққан дауыстардан тұла бойымыз шымырлады. «Қосбасармен» басталған күй тартысқа құлақ құрышымыз қанып, балғын балапандардың «Қазақстан» әнін қосыла шырқадық. Кеш қонақтары Ақселеу Сейдімбектің әр қыры жайлы тебірене сөз қозғады. «Қазақтың қай өнері өліп бара жатса соның жалына жармастым» деген Ақселеу сөзімен сусындаған жас өскіндердің  ұлтжанды азаматтар болып өсеріне күмәнсіз көңілмен тарқастық.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.