КЕЛІНДЕРДІ ШЫҢДАЙТЫН «ҚАЗАН ШЕГЕЛЕУ»
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, өткенді біліп, жақсысы болса жанымызға түйіп жүргеннің де артықтық етпесі анық. Сондай бүгінгі күні көненің көшінде қалған дәстүрлеріміздің бірі – «Қазан шегелеу» деп аталады.
Бұл үрдіс негізінен Батыс, әсіресе, Орал, Ақтөбе жерінде көп қолданылады. Жаңа үй болған отбасының тұрмыс жағдайын көру, келіннің шаруаға бекемдігін байқау, кем-кетігіне көмек ету сияқты жағдайдан туындаған. Апа, әжелер ойда жоқта кіріп келіп, «Келін, қазаныңды шегелеуге келдік» дейді. Осы кезде келін кебежесінен етін, майын шығарып, қазан көтеріп тамақ жасаған. Бұл дәстүрдің тағы бір тұсы – келіннің ойда жоқта келген кісіге сый-құрметі қалай екен, артына іркіп қойғаны бар ма екен, әлде барын өздері жеп артын ойламайтын келін бе екен деген сияқты ойдан туындаса керек. Ал, келген қонақтар алдына қойған асты ішіп-жеп, кетерінде сый-сияпат, тарту-таралғыларын беріп, ақылдарын айтады.
Осы дәстүр жайлы Қажы апамыз өз басынан өткен жайды былай әңгімелейді.
— Өзім Талдықорған өңірінің қызымын. Ақтөбе жаққа келін болып түстім. Жолдасым екеуміз де Мәскеудің оқуын бітіріп барғанбыз. Аз уақыттан соң бөлек үй болып шықтық. Бір күні ойда жоқта бес-алты кимешек киген кемпір кіріп келе жатыр. Терезеден көре салып, асып-сасып жолдасымды енемнің үйіне жұмсадым. Өзім бірден басыма орамал салып, алдарынан шықтым. Астарына көрпе салдым. Сасқанымнан «шәй қояйын ба?» деппін. Күліп жатыр. «Қоя бер, келін, қазаныңды шегелеуге келдік, қазан көтер» деді. Жүгіріп барып қазанымды алып бардым орталарына. Тағы да күлкіге көмілді. Солай тұрғанымда енем де жетті сүрініп-қабынып. «Әй, қасқа, бұл білмейді ғой» деп жуып-шайып жатыр. Екеулеп дастархан жайдық. Қазанды астық. Қамырды алдарында илеп, жайдым. Солай талап етті. Жайып болғанша қара терге малындым. Тамақты жеп, шәйді асықпай ішіп, «Келіннің қазаны қағаздай екен» деп баға берді. Соңында сыйлықтарын беріп көңілді тарқасты. Бірақ, бұл оқиға маған біраз сабақ беріп кетті. Ақылды әйелдің қай кезде болмасын кіріп келетін қонаққа деп сақтары болатынын білдім, — деп әңгімесін ақтарды.
Дархан даланың даналық аңқыған дәстүрлері-ай, шіркін! Жаңа үйлі болған жастарды қараусыз қалдырмай, ыстық-суыққа салып шыңдаған енелер мектебінің бұл күнде орны ойсырап тұр. Бүгінгінің жас келіндері тырмысып өз күндерін өздері көріп жүргендей болып көрінеді кейде. Ыстыққа салып балқытып, суыққа салып шыңдайтын зергер жасаған бұйым қандай мінсіз болса, Енелер мектебінен сәтті өткен келіндер де сондай көркем болары сөзсіз.
Нұрила ШЫНӘДІЛОВА