КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында зор саяси танымын, жігерлі ісі мен ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Сан мың жылдар бабаларымыз арман еткен тəуелсіздігіміздің көк байрағын көкке желбіретіп, жас мемлекетіміздің іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беріп, орасан зор іс тындырды. Жаңадан тәй-тәй басқан мемлекетіміздің еңсесін тіктеп, санаулы жылдар ішінде әлемге танытып, биік шыңдарға жеткізді. Бұл жас мемлекет үшін үлкен тарихи жетістік деп айтуға болады.

Елбасы басын бәйгеге тігіп елі үшін күрделі де күрмеуі көп шаруалардың түйінін асқан кемеңгерлікпен шешіп қана қоймай, оның тікелей табанды бастамасымен экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар мен көптеген идеялар жүзеге асырылды. Жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды.

Сарыарқа төсінде жаңа қала тұрғызып, Еуразия жүрегіне айналдыруы оның мәртебесін әлем алдында одан сайын айшықтап, асқақтата түсті. Жас астанамыз мұқым құрлық елдеріне елеулі әсер етті. Өйткені Елордамыз жаһандық деңгейдегі елеулі саяси оқиғалар өтетін ірі орталыққа айналды. Бір ғана мысал: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өтті. Бұл саммитке 38 мемлекеттің басшысы, ұйымға мүше мемлекеттердің беделді тұлғалары, аймақтық және халықаралық ұйым жетекшілері келіп қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, РФ Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германияның Канцлері Ангела
Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони және тағы басқалары болды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дипломаттығы, əлемдік көшбасшылармен пікір алысу мəнері, қайсарлығы, көрегендігі Қазақстанның әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатуына жол ашты. Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин: «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол – адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді?» – деп өз толғанысын жеткізсе, Түрік республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі оны зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды», – деп ағынан жарылуы Елбасының сара жолы әлемдік саясаткерлер арасында зор құрметке ие екендігін аңғартады.

Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Оның стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің

депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы.