КЕНТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ ОТТЕГІ СТАНЦИЯСЫН СЫЙҒА ТАРТТЫ

Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны, кәсіпкер Бекболат Бекенов тікелей демеушілік жасап,​ шаһарда оттегі станциясы салынды. Тәулігіне 250 оттегі баллонын толтыруға қауқарлы станцияның жалпы құны 60 млн. теңге.
Қала әкімі Даурен Махажанов орталық ауруханаға орналастырылған жаңа станцияның жай-күйімен танысып, жомарттық танытқан азаматқа алғыс білдірді.
«Әлемді жаулаған коронавирус індеті біздің елімізді де айналып өтпеді. Бұл жағдай халыққа айтарлықтай қиындықтар алып келгені баршаға аян. Міне, осындай қиындықтарды еңсеру үшін мемлекет тарапынан ғана емес, жекелеген жаны жомарт азаматтардың демеушілігімен емхана мен ауруханаларымызға көптеген көмектер беріліп жатыр. Халықтың қамын ойлаған осындай азаматтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Кентау калалық ауруханасында «COVID-19» індетін және вирусты пневмония ауруына шалдыққан науқастар жоқ. Инфекциялық стационар науқастарды қабылдауға дайын. Індеттің келесі толқынына дайындық мақсатында жоспар түзіліп, 580 төсек орын ашуға жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, ауруханада короновирусты инфекция мен вирусты пневмонияны емдеуге 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры бар.