«КЕУДЕМІЗДЕ ӨЗ ҰЛТЫМЫЗҒА ДЕГЕН МАХАББАТ ПЕН НАМЫС БОЛДЫ»

Тәуелсіздікті таңдайдағы тәтті ұғымға балаймыз. Бұл сан ғасырлар бойғы ата-бабаның арманы. Арғы-бергі тарихтан тамыр тартсақ, қазақ даласындағы шайқастардың барлығы «қызын күң, ұлын құл» етпеу үшін болғанын байқаймыз. Десек те, отарлықтың ошағына су құйып, тәуелділіктің қамытын сыпырған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жөні бөлек. Осы кезде қазақтың өрімдей ұл-қыздары қайсарлық көрсетті. Биыл егемендіктің 30 жылдығы тұсында сол кезде алаңнан табылған қайсар әпкеміз Света Ермекқызы Шынәділованы әңгімеге тартып, көкейдегі сауалдарымызды қойдық.

  • 1986 жылдың 16 желтоқсанын еске түсірсек. Сол күні алаңға қалай бардыңыз?
  • — Ол кезде мен Жезқазған пединститутының 4 — курсында оқитынмын. Желтоқсанның 15-нен 16-сына қараған күні түнде жатақханаға  Алматыда Қонаевты орнынан алып тастапты. Орнына Колбин деген біреуді Ресейден әкеп қойғалы жатыр деген хабар жетті. Біз оған қарсымыз. Сол қарсылығымызды бейбіт шеруге шығып білдірейік деп шештік. Сонымен түнде плакаттарға «Колбинге жол жоқ», «Қазаққа қазақ басшы керек» деген сөздер жазып таңғы 6-да Жезқазған қаласындағы Советтер үйі(қазіргі әкімшілік) алдына жиналмақ болдық. Таңғы 6-дан бастап жинала бастадық. Сөйтіп Металлургтер алаңына жеттік. Жігіттер алдыға шығып сөйлей бастағанда машиналарымен милиция(полиция) жетті.  Бізге «Тараңдар. Ертең оқуларыңа кесірі тиеді» деп айтты. Біз сонда да тарқамадық. Ақырында жігіттерді машинаға тиеп алып кете бастады. Бізді де зорға таратты. Бірақ бірден жатақханаға бармай далада айналып жүрдік. Күн қатты аяз болды. Ол кездегі сезімді жеткізу өте қиын. Кеудемізде өз ұлтымызға, елімізге деген махаббат пен намыс болды. Кейін бізді профкомға шақырып «Неге шықтыңдар? Сендерді кім үгіттеді?» деп тергей бастады. «Өзіміз шықтық» дедік. Старостамыз бізді қорғап, мінездеме беріп шыр-пыр болды. Алланың қалауымен оқудан шығармады. Бірақ комсомолдық есеп кітапшамызға «Саяси көрсоқырлығы үшін» деп жазып, қатаң сөгіс жазып берді. Онымен қоймай психология пәнінен «3» қойып, 6 ай стипендиядан қағылдым. Ол қатаң сөгісті 1988жылы мамыр айында алып тастады.
  • — Қазір 16 желтоқсан күні  қандай сезімде боласыз?

—      Қазір сол кездерді есіме алсам көзіме жас келеді. Аллаға сансыз шүкір, бізге Алматыдағыдай Ресейден қарулы жасақ келмегеніне, әйтпесе бәрі мұндай тыныш болмас та еді. Сол желтоқсанның аязды күнінде талай жас қыршынынан қиылды, белгісіз боп қалғандар қаншама, қанша қазақ қызы қорланды. Өлгендердің өзін халық жауы сияқты жасырын жерледі. Ләззат Асанованың анасы айтады. Қызым өлгенде  жаназасына ешкім келмеді дейді, ол оны жек көргеннен емес, биліктен қорыққаннан. Мен үйдегілерге көтеріліске қатысқанымды да айтпадым. Оларды қобалжытқым келмеді. Бірақ, кейін білді.

 — Биыл сол Желтоқсан оқиғасына да 35 жыл. Талай боздақтар опат болды. Сол күні алаңға шыққан қаһармандарға лайықты құрмет көрсетілді деп есептейсіз бе?

— Олай есептемеймін. Біздің Жезқазғанда тұратын желтоқсандықтар медаль, граматоталарын алды. Оның өзінде бір әйел әкімшілікке барып бәрінің списогын беріп алып отыр. Ал бізде Сәтбаев қаласында ол да жоқ. Айналдырған 7желтоқсандықтың 2-уі ғана медаль алды. Әр нәрсенің бір қайыры бар дейді ғой. Аллаһ бұл дүниеде бермесе о дүниеде сауаптан жазар, иншаАллаһ. Ешкімге маған неге бермедіңдер деп айтпаймын.

— Әрине, сол кезде аязды кеште сіздерді алаңға алып шыққан мықты ерік-жігерлеріңіз егемендіктің самалы есуін тездетті. Ал, енді осы 30 жылдықтың бедерінде оқырмандарға айтар тілегіңіз болса

—  Барлығыңызды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Тыныш болсын жұртымыз, аман болсын еліміз.

 Ашық болсын аспаным, сау болсыншы деніміз.

 Құтылайық індеттен, аман болып жүрейік,

 Тәуелсіздікті бағалап, қадірін оның білейік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Алдымыздан тек жақсы күндер күтіп тұрсын!

— Әумин, айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Алтын АСҚАР