КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ БАТЫС ҚАҚПАСЫНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҮРГІЗІЛДІ
Облыс орталығында республикалық акцияның «Киелі мекен» апталығы аясында тарихи орындар тазалануда.
Бүгін акцияға үлес қосқысы келетін тұрғындар бірігіп, шаһардың оңтүстік-батысы – Тәкиәда қақпасы аумағына жалпы тазалық жұмыстарын жасады.
Шара барысында қақпа аумағынан 10 қап қоқыс жиналып, жарамсыз шөптерден тазартылды.
«Тәкиә» немесе «Ишан» қақпа деп аталған бұл нысан қала картасына 1864 жылы белгіленген.
Зерттеулерден анықталғанындай қақпа мұнарасы тұрғын-үй есебінде ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр бас жағында пайдаланған. Онда 2009 жылы
сәуір-мамыр айларында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген.
Қақпаның ерекшелігі – мұнаралары төрт бұрышты болып орналасуында, тек бұрыштары тік емес, иіліп, дөңгеленіп келген. Мұндай қақпаның біреуі ХVІІІ ғасыр Бұқарада салынған. Қақпа іргесі өте жақсы сақталған, ішкі бетіне жапсырыла салынған қосымша бөлмелері де, екі жағынан келіп түйісетін қорған қабырғалары да (ені – 2,5 м, биіктігі – 6 м) аршылып зерттелген.
Айта кетейік, республикалық акция аясында облыс орталығында түрлі деңгейде 20 сенбілік ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері, түрлі сала мамандары мен еріктілер, жастар белсенділік көрсетті.