КИНОРЕДАКТОР ДЕГЕН КІМ?
Кино әлемі көп адамды қызықтырады. Экран бетіне еліктіретін бұл өнердің артында қыруар еңбек жатыр. Көрермен көзайымына айналатын туындыны жарыққа шығару үшін бірнеше жантер төгеді. Бізге беймәлім мамандықтың бірі – киноредакторлар. Олардың міндеттері қандай? Жас маман Малика Маратқызы осы туралы аз-кем әңгімелеп берді…
— Малика, бізбен сөйлесуге уақытыңыз тіпті аз секілді. Дәл қазір қай киноның түсірілімі жүріп жатыр? Жұмыстарыңыз қауырт па?
— Дәл қазір ұлттық арнаның тапсырысымен «Замандастар» атты 100 бөлімнен тұратын телехикая түсіріп жатырмыз. Мұнда 1995 жылдан 2012 жылға дейінгі уақыт суреттеледі. Сюжеттік линияда 11-сынып оқып жүрген балалар өсе келе түрлі қиыншылық пен қызықтарға тап болып жатады. Кейіннен бірнеше уақыт өткен соң тағдыр олардың балаларын жолықтырып, бір-бірімен табысады. Кеңес Одағындағы өмір мен Тәуелсіз Қазақстанның даму жолы, тарихи естеліктері қатар өрбіп, үйлесімді сюжеттеледі.
Кино алаңында арнайы бекітілген уақыт жоқ. Күн-түн демейміз, қар-жаңбырға қарамаймыз. 24 сағаттың 22-сі алаңда өткен күндер де болды. Кез келген адам бұл істің ыстық-суығына төзе бермейді. Қай істе де ең алдымен сүйіспеншілік керек, бізде де солай.
— Сонда мұндағы міндеттеріңіз қандай?
— Негізгі міндетіміз — актерларға сценарий жаттату және түсірілім барысында айтылуын қадағалап отыру. Жаңылып, қателескен тұстарында дер кезінде көмектесу. Ол үшін ең алдымен сценарийді өзіміз оқып шығуымыз керек. Өкінішке қарай, біздің елімізде тек толық метражды фильмдердің ғана оқиғасы алдын ала беріледі. Сериал сценарийлерімен біз де, актерлар да кино алаңында бір-ақ танысамыз. Рөлге кіру, камера алдында ашылу, сөзді ұмытпай айту бәрі бірдей жүзеге асатын күрделі процесс. Бір сөз дұрыс айтылмады екен, қайта түсіруге тура келеді. Сондықтан әр кадрды кірпік қақпай қадағалау басты міндетіміз.
— Демек, актерлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін бірден-бір маман иесі екенсіздер ғой…
— Дәл солай. Мен әр түсірілімде камера сыртында отырсам да актермен бірдей күй кешемін. Рөлге еніп тұрып, сөзді ұмытпаса екен, бәрін дұрыс алып шықса екен деп дегбірім қашады. Әсіресе күрделі дубльдер түсіру сәтінде қатты уайымдаймын. Дұрыс аяқталса олармен бірге мен де қуанамын. Өйткені әр кейіпкердің ішкі толқынысын, эмоциясын сезіне отырып сценарий бойынша сөйлеу оңай емес екені түсінікті. Кей актерлар керісінше сөзді судыратып жаттап алғанымен, образға ене алмай қиналады. Уақыт өте кім өз рөліне қаншалықты беріліп ойнап тұрғанын оңай ажыратады екенсің.
— Сіздер сценариге өзгеріс енгізуге де құзыреттісіздер ме?
— Жоқ, әрине. Кейбір сценарийлер тым әдеби жазылады, бірақ кино заманауи өмірге негізделген болуы мүмкін. Кейде кейіпкердің болмысына нанымсыздау келетін фразалар қосылып кетеді. Соны кино табиғатына, бағытына, адам мінезіне сай өзгерте аламыз. Алайда бұл тек режиссер, актерлармен ақылдаса отырып іске асады.
— «Әртістер еркелеу халық» деп жатады. Жердегі жұлдыздармен жұмыс істеу қиын емес пе?
— (күледі). Білесіз бе, бір қызығы, жұмыс барысында актерлар жасы мен дәрежесіне қарамастан менің шәкіртім секілді боп кетеді.Сөзді ұмытып қалған кезде ұстазынан көмек күткен оқушыдай маған жәутеңдейді. Дұрыс дегендей ишара танытсам жас балаша қуанып қалады. Кейде «өзіңіз қазақ бола тұра, неге ана тіліңізде қате айтасыз!» деп реніш білдірсем, олар да бұртияды (күліп). Алайда менің өзіндік жұмыс жасау тактикам бар. Диалогтан қате кетіп, жаңылысқан жерінен тоқтатқым келмейді. Бұл жанын салып ойнап жатқан актерға өте ауыр тиеді. Бір жағынан құрметім десем де болады. Тек артынан қайта дубль жасауды сұранамын. Олардың босаған уақытын қалт жібермей, гримде, шай ішіп отқаныңда жанына сценарийіммен жүгіріп жете қаламын да, барынша мінсіз дайындауға тырысамын.
— Мұндай ерекше мамандықта қызықты сәттер де көп кездесетін шығар?
— Иә, бірде түнгі сахнада өте ұзақ дубль түсірдік. Өзім бір ауысымнан шығып, келесісін жалғастырғанмын. Айтылатын диалог өте күрделі болатын. Актерға жаттау қиынға соқты. Дайындыққа да көп уақыт кетті. Әбден шаршағаным сонша отырған орнымда ұйықтап қалыппын. Оянсам режиссер қолымдағы парақты алып, менің міндетімді әрі қарай жалғастырып жатыр екен. Ыңғайсызданып тұрсам, түсірілім тобы әрі күліп, әрі еңбекқорлығыма сүйсініп камераға түсіріп алған екен. Кейде 5-6 актерға сөзін жаттатып боламын дегенше, өзім де ұмытып қалатын кездер болған (күліп).
— Киноредактор маманы болу үшін қай факультетте оқу керек? Жастарға осы саланы таңдауға кеңес бересіз бе?
— Ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетін жетік білу маңызды. Филология мамандығын оқып бітірсе тіпті жақсы. Кітапты көп оқып, жан-жақтылығын көрсете алса да қиналмайды. Қанша дегенмен майталман мамандармен бірге қызмет ету үшін білім, жоғарыда атап өткенімдей көппен тіл табыса алу өнерін меңгерсе артық емес. Ең бастысы еңбекқорлық пен жанкештілікті талап етеді. Шаршадым дегенді мүлде аз айтуға тура келеді. Өзім жастайымнан сахнаға, өнерге ғашық болған соң ба, мұның бәрін жұмыс деп емес, үлкен ықыласпен атқарамын. Тағы бір айтарым, маған бұл салада еңбек етуіме телеарна мектебінен өткенім көп көмегін тигізуде.
— Бүгінге дейін қанша фильмнің жарыққа шығуына еңбек сіңірдіңіз?
— Екі жыл ішінде «Түркістан жүрегімде», «Бізбен бірге», «Тракторшы», «Жыл таңдауы», «Жап жаңа жыл 2020», «Әл-Фараби», «Орындалмас арман», «Замандастар», «Шымкент құпиялары», «Шәмші Қалдаяқов» секілді бірнеше деректі фильмдер мен телехикаялардың түсіріліміне атсалыстым.
— Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұқбаттасқан
Аяулым ТАСТАНБЕК.