КИРИЛЛ ӘЛІПБИІНЕН ЛАТЫНҒА КӨШУ КӨП ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Кирилл негізді әліпбиімізді қазақ әліпбиі деп айтудың өзі жөнсіз. Себебі бүгінгі әліпбиіміз «қазақ-орыс» әліпбиі болып отыр, тіптен дұрысын айтқанда «орыс-қазақ» әліпбиі десе де болады. Мұны орыс тілі мен оның әліпбиіне қарсылық деп түсінбеу керек. Әңгіме басқада, төркіні бөлек орыс әліпбиі мен оның емле-ережесін қазақ тіліне әкеліп тықпалағандығымызда болып отыр. Атап айтсақ, орыс тілінің и, у, я, ю, щ таңбаларын қазақтың төл сөздерінің жазылымына ендіріп жіберген. Осы уақытқа дейін «орыс тілінде қалай жазылса солай жазу керек, орыс тілінде қалай айтылса солай айту керек» деген қағиданы ұстанып келе жатқанымыз бәрімізге белгілі. Бұл – 1957 жылы қабылданған өктем саясаттың жемісі.

Ендеше, төл дыбыстарымызды түгендеп алуға кедергі болып отырған қандай дыбыстар мен таңбалар бар, соған тоқталайық. Сөзіміздің басында жазу үлгімізге орынсыз еніп кеткен деп и, у, я, ю, щ таңбаларын атадық. Енді осы таңбалардың дыбыс мәніне келейік (оның екі үлгісін ғана сөз қылайық):

И таңбасы ый және ій екі жұп дыбыс тіркестерінің белгісі, ендеше, дауысты и деп жүргеніміз дыбыс емес, таңба екен. Мысалы, ми емес, мый, тиын емес, тыйын, тиін емес, тійін т.б. Ендеше, латын әліпбиіне mj деп емес, myj деп, tjyn деп емес, tyjyn деп, tjin деп емес, tiyin деп көшіруіміз керек. У таңбасы ұу және үу екі жұп дыбыс тіркестерінің белгісі, ендеше, дауысты у деп жүргеніміз дыбыс емес, таңба екен. Мысалы, су емес, сұу, суық емес, сұуық, сурет емес, сүурет т.б. Ендеше, латын әліпбиіне sw деп емес, suw деп, swyq деп емес, suwyq деп, swret деп емес, suewret деп көшіруіміз керек. Сонда қазақ тілінің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын тұрқы, тасымал реті сетінемей дұрыс жазу болып шығады.

Осы жерде w таңбасына арнайы тоқтала кеткен жөн. Өйткені көпшілік бұл таңбаны дауысты дыбыс деп түсініп, дауыстының орнына жазып қателесіп жүр. Оның үстіне кешегі парламент қараған жобада w таңбасының дауыссыз дыбысқа қатысты екені белгіленбеген екен, ол кемшілік жөнделді, кирилл баламасының тұсына дауыссыз екені көрсетілді. Латын әліпбиіне көшу барысындағы шараны жазу реформасына айналдырудағы мақсатымыз да сол кирилл әліпбиінің тілбұзар ықпалынан арылу болып табылады.

Ғалым, марқұм Әлімхан ЖҮНІСБЕКТІҢ пікірінен үзінді