«КІТАП ФЕСТ» ФЕСТИВАЛІ ОҚЫРМАНДАР АРАСЫНДА ҚЫЗУ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

5 желтоқсан күні Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында республикалық «КІТАП ФЕСТ» фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған аталмыш шара 30 қараша күні бастау алған болатын.
Салтанатты шараға кітапхана оқырмандары, жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері және қала тұрғындары қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған кітап фестивалінің мән-маңызына тоқталып, ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірді.
– Ең әуелі Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына және «Рухани жаңғыру» бөліміне осынау шараны қолға алып, тиісті дәрежеде өткізгендеріне шаһар басшысы және көзі қарақты оқырмандар атынан ризашылығымды білдіремін. Қазір технократтық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіруге әзірміз. Мәселен, кітап көрмесі өткен небәрі 6 күннің ішінде ұзын-ырғасы 2500-ге жуық оқырман қатысыпты. Алдағы уақытта мұндай форматтағы шараны бұдан да үлкен, кең көлемде ұйымдастыруға әкімдік тарапынан қажетті қолдау жалғасады, — деді Шыңғыс Мұқан.
Көрменің жабылу салтанатында фестивальге апта бойы белсене қатысқан кітапхана мен баспа үйлеріне, кітап дүкендерінің ұжымдарына қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, Малайзия елінде ментальды арифметикадан 87 мемлекеттің арасында онлайн форматта өткен білім бәсекесінде жүлделі орындарға ие болған мектеп оқушылары марапатталды.
Салтанатты жиын мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы