КІТАПХАНАШЫЛАР КІМНЕН КЕМ?

15 қазан – кітапханашылар күні. Ілгеріректе саясаткерлер арасында мынадай пікір болған екен: «Бір елді танығың келсе, кітапханасына бар. Егер кітапханасы көп болса, онда ол халықтан қорқуға болады» дейді. Расымен, кезінде әлемнің екінші кітапханасы орналасқан Отырардан Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби шықты емес пе?

Адамдар арасындағы руханияттың азбауына алтын көпір боп жүрген кітапханашылардың бүгінде қоғамдағы орны қандай? Кітапханашының жұмысы кітап тарату ғана деп саяз ойлайтындар баршылық. Суық сөрелердің арасында кешке дейін тыным таппайтын олардың қызметі өлшеусіз. Кітапханашылар күнделікті мыңдаған авторлардың еңбегін ретімен орналастыру, оқырманға сұрағанын тауып беру, жылы қабақ таныту, кеңес берумен ғана шектеліп жүрген жоқ. Біздің кітапханалар әдеби ортаның нағыз қайнаған ошағы. Руханияттағы жылт еткен жаңалықты іліп әкетіп, алғаш сүйінші сұрайтын да осы ізгі маман иелері. Жергілікті, республикалық қаламгерлермен сүбелі кездесулер, мерейтойларын атап өту, жаңа кітаптың тұсаукесері, ақындар арасындағы поэтикалық дуэльдер, жас таланттарды таныту кештері т.б. игі шаралардың шымылдығын түріп жүр емес пе бұл киелі орын?.. Шыны керек, кейбір мәдениет мекемелері атқармаған бірталай байыпты тірлікті осы кітапханашылар артығымен тындырып жүр.  Егер кітапханалар болмаса, әдебиет әлсіреп, руханият азар еді…

Осыдан бес жыл бұрынғы мәліметтер көз салсақ, оңтүстік өңірі бойынша 427 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсеткен, оның ішінде 335-і ауылдық. Ал, оқырмандар саны 430 мыңнан асады. Кітап қоры бүгінгі таңда 7 118 272 мың данаға жетті. Облыста 978 кітапханашы жұмыс істесе, оның 372-сі ауылда.

Ендеше, неге кітапханашылар мерекесін елеусіздеу өткіземіз? Кәсіби мереке ретінде аталып өткеніне көп жыл тола қоймағандықтан кемшін тұстар кездесуі түсінікті. Әйткенмен салыстырмалы түрде бұл маман иелеріне берілетін марапат та, еңбекақы да аздау. Онсызда күнде өздері іс-шара өткізіп, көпке қуаныш сыйлап жүрген оларға жылына бір рет концерт ұйымдастырып беру қиын ба? Мерекемен құттықтап хабарласып, бірнеше кітапханашының пікірін білмек болдық:

– Бүгін бізде әдеттегі жұмыс күні. Жаңа ғана бір сыйлы әріптесіміздің мерейтойына арналған іс-шарадан шықтық. Бәріміз бір-бірімізді құттықтап, жақсы көңіл-күйдеміз. Дегенмен жылына бір күн арнайы құттықтап, назар аударғанды да қалайды ғой, көңіл шіркін. Ұстаздар мерекесі, дәрігерлер күні секілді біз де бір адал кәсіптің иесіміз. Мәдениетке қосып отырған үлесіміз де аз емес. Ең болмаса бір-екі сағаттық концерт ұйымдастырып, бір тал гүл берсе де мерейіміз өсіп қалар еді. Келешекте лайықты түрде атап өтіледі деген үмітім бар. Қашанда біздің іс-шараларымыздан табылып жүрген тілшілер қауымы осы өтінішімізді тиісті орындарға жеткізеді, – деп ойлаймын, – дейді облыстық «Отырар» кітапханасының кітапханашысы Ұлжамал Үсенова.

Ал, ауыл кітапханашыларының ахуалы қалай?

Қазығұрт ауданы мектептерінің біріндегі кітапханада қызмет ететін Фариза Елеместің пікірі де өзге әріптестерімен бірдей:

— Мен жас маман болсам да өз ісімді өте қатты жақсы көремін. Қанша қаражат төлесе де кітапханадан бас тартпаймын. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастарды білім нәрімен сусындату маған қуаныш сыйлайды. Кітапханашы ұғымының екінші мағынасы «халыққа қызмет көрсету». Ал, мерекені жыл сайын өз арамызда атап өтеміз. Біліктілікті арттыру семинарларын өткізіп, марапаттар ұсынылады. Ал,мемлекеттік деңгейде әлі күнге дейін атап өтіліп жүрген жоқ. Кітапханашылар да таңертеңнен кешке дейін мұғалімдермен бірдей қызмет етеміз, оқушылармен тығыз байланыстамыз. Алайда көп жерде кіші қызметкер ретінде бағалайды. Сондықтан бізге педагог-кітапханашы деген мәртебе берілуін қолдаймын. Кітапханалар толық автоматты жүйеге қосылса оқырманға да, бізге де тиімді болар еді деген ұсынысым бар. Кітапханашылар мерекесінде осындай түйткілді мәселелерге де баса назар аударатын уақыт жетті, — дейді жас маман.

Бұл пікірлерден қит етсе кітапхананы қысқартуға құмбыл өкілеттілердің құттықтауға келгенде шорқақ екенін аңғарамыз. Еңбектері адал, өздері өгей баланың күйін кешіп жүрген кітапханашылардың талай жылдан бергі жанайқайын тағы да қаузадық. Дегенмен олар ештенеге, ешнәрсеге қарамастан қызметтеріне қашанда адал бола бермек. Ал, адалдықтың жолы қашан да ауыр екені бәрімізге мәлім.

Аяулым ТАСТАНБЕК.