КІТАПХАНАШЫЛАР: «ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫМЕН ТҰС КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ЖОЛДАУ»
«Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуіне берік негізі». Осындай атауымен жолданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы дәстүрлі жолдауы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп қозғады». Осылай деген Шымкент қалалық балалар кітапханалар жүйесі қызметкерлері жаңа Жолдауды талқылап, өз ойларын ортаға салды. Библиограф А.Маңқараева Жолдаудағы жаңа мақсаттар мен міндеттерге тоқталып, жаһандану дәуірінде дағдарыстан шығудың тетіктері баян етілгендігін тілге тиек етті. Елімізді нақты стратегиялық дамуға бастайтын бұл Жолдау барлық саланы түгелдей қамтыды. «Мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, көлік жүргізушілердің жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға көтеру — ел руханиятына және мәдениет қызметкерлеріне деген шынайы жанашырлық деп білеміз» деді сала мамандары.
«Егемендік алған 30 жыл ішінде кітапхана мен кітапханашыларға жасалып жатқан қамқорлық едәуір ұлғайып келеді. Бүгінде қалада заманауи әдіспен, жаңа ғимаратта жұмыс істеп жатқан кітапханалар саны жетерлік. Ақын-жазушылардың кітаптары жыл сайын жаңартылып басылып, шет ел әдебиеттерімен толыға түсуде. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің жемісі екеніне дау жоқ» дейді кітапхана қызметкерлері.
Айта кетейік, осыдан алты жыл бұрынғы мәліметтерге көз салсақ, оңтүстік өңірі бойынша 427 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсеткен, оның ішінде 335-і ауылдық. Ал, оқырмандар саны 430 мыңнан асады. Кітап қоры бүгінгі таңда 7 118 272 мың данаға жетті. Облыста 978 кітапханашы жұмыс істесе, оның 372-сі ауылда.