ҚИЫРЛАРДЫ ЖАЛҒАҒАН ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің қалт-құлт еткен экономикасын қиындықтан алып шыққан негізгі салалардың бірі қазақ даласында қан тамырдай ию-қию болып жатқан темір жол екенін бәрі біледі. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сол бір шақта көршілес мемлекеттермен арадағы экономикалық байланысты сақтап, сондай-ақ, одан әрі дамыта отырып, халықтың оң жамбасына келетін нарықтың бірден-бір себепшісіне айналған да Қазақстан теміржолы болатын.
Жазираға жол салған
Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (қазіргі Ресейдің Саратов облысындағы Энгельс қаласы) – Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Араға 4 жыл салып Урбах-Астрахань тар табанды темір жолы іске қосылып, оның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті.
Ал Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы біз үшін зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халқының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен ықпал етті.
Сонымен қатар, 1901-1906 жылдары Қазақстан жерінен 1660 шақырымы өтетін, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын Орынбор-Ташкент темір жолы және 1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі саналатын Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды. 1915 жылы 166 шақырымы Қазақстан арқылы өтетін Челябинск-Троицк-Қостанай магистралі іске қосылса, 1915-1917 жылдары төселген Новосибирск пен Семейдің арасын жақындатқан Алтай темір жолының 122 шақырымы Қазақстан жерінде созылып жатты. Бұдан бөлек, 1918 жылы 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы да өз жұмысын бастады. Осы жылы Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жеткен еді.
Кеңестік кезеңдегі «күре тамыр»
Кеңес заманындағы алғашқы темір жол 1920-1922 жылдары салынған Петропавл-Көкшетау арасында болды. Қазақстанның түкпірдегі аймақтарын дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай курорты және Ақмола стансалары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. Ал Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылы салынған Гурьев-Доссор тар табанды темір жолы зор ықпал етті.
1927-1930 жылдар аралығында салынған ұзындығы 1444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір («Түрксіб») магистралінің аяқталуы үлкен уақиға еді. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республиканың экономикалық дамуына және шөлді жерлердің игерілуіне оң әсерін тигізді.
1958 жылдың 1 шілдесінде КСРО-дағы ең ірі қазақ темір жолы құрылды. Ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын ол 15 бөлімшеден құралды және Қазақстанды Сібір, Орал, Еділ жағалауы, Қырғызстан және Орта Азиямен қосып, барлық кеңістікті және меридионалды магистральдарды біріктірді. Ал 1964 жылы Қазақстанда бірінші болып Целиноград-Қарағанды бағытындағы темір жол электрлендірілді.
Қазақстан теміржол көлігі тарихының елеулі уақиғаларының бірі 1986 жылдың 20 ақпанында болды. Яғни, әлемде бірінші болып жалпы салмағы 43,4 мың тонна және ұзындығы 6,5 шақырым болатын жылжымалы құрамға 440 вагон тіркеліп, Тың темір жолы арқылы өткізілді.
Қытай Халық Республикасына қатынайтын теміржолдың дамуына назар аударылып, 1956-1960 жылдары Қазақстан әрі Қытай жақтан екі елдің темір жолын қосатын магистральдың құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыстар 1988 жылы КСРО-Қытай келісімінен кейін қайта жаңғырды. 1990 жылы қосылған темір жолдар қазақстандық Достық және қытайлық Алашанькоу стансаларын қосатын шекара өткелін жасады. Осы жылдан бастап онда жүк құрамдарының қозғалысы басталып, Трансазиялық теміржол магистралінің Солтүстік дәлізі іске қосылды. Сол кезеңде Достық стансасының қайта тиеу және тасымалдау қуаты артты.
ҒАСЫРЛЫҚ МЕЖЕ
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан теміржол көлігінің өткен жолын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – 1992-1996 жылдар аралығы. Осы уақытта теміржол саласы КСРО-ның аяқасты ыдырау себебінен туындаған қиындықтарға және мүлде жаңа экономикалық жағдайларға бейімделу жағдайын бастан өткерді.
1997-2001 жылдарды екінші кезең ретінде қарастырамыз. Бұл аралықта қазақстандық үш магистральді біріктіре алған әрі саланың әрі қарай өсіп-өркендеуіне негіз салған отандық тұңғыш теміржол кәсіпорны – «Қазақстан темір жолы» құрылды.
2001 жылдан бүгінге дейінгі уақыт – үшінші кезең. Яғни, саланы қайта құрылымдау басталған шақ. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында үлкен реформалар жүзеге асырыла бастады.
Қазақстан темір жолы өзінің 100 жылдық мерейтойын 2004 жылы кең көлемде атап өтті. Сол жылы шойын жол тарихының маңызды кезеңдерінен сыр тарқатылып, жер-жерде темір жолды жаңғырту, әлеуметтік саланы, теміржолшылардың еңбек жағдайын жақсарту шаралары мен ірі құрылыстар аяқталды.
Темір жолдың ғасырлық мерейтойына қатысқан Елбасы өз сөзінде Қазақстан экономикасының қалыптасуында, мемлекет тәуелсіздігін, елдің территориялық тұтастығын және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы темір жолдың рөлін жоғары бағалады.
2004 жылдың 9 қарашасында Ақтау портынан Құлсары стансасына дейін үлкен көлемді, биіктігі төрт қабатты үйдей жүктерді тасымалдаған қазақстандық теміржолшылар әлемдік рекордты жаңартты. Бұл қазаққа тиесілі шойын жолдың халықаралық деңгейде абыройын асқақтатып, бедел биігіне көтерілуіне себеп болып еді. Ал 30 қарашада ашылған Алтынсарин-Хромтау жаңа темір жолы арқылы көршілес елдердің аумағына кірмей, ел іші арқылы жүргізілетін бағдар іске қосылды. Сол желі арқылы жылына 160 млн доллар көлемінде үнемділікке қол жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның ішкі жолдарымен жүк тасымалдау қашықтығы 500-ден екі мың шақырымға дейін қысқарды. Осы жолмен жолаушылар тасымалдаудың жаңа кестесін 10 желтоқсанда Астана-Ақтөбе пойызы ашты. Жолаушыларды жолдың 15 сағатқа дейін қысқарғаны, билет бағасының екі есеге арзандағаны қуантты.
132 шақырымдық Павлодар-Екібастұз темір жол телімінде электрлендіру жұмысы ең ірі жобалардың бірі болып отыр. Павлодар-Екібастұз жобасының жүзеге асуы тасымалдаудың үнемділігі және электровоздардың экологиялық тазалығын сақтауға мүмкіндік берді. Мәселен, бұл жобаны іске қосу арқылы жылына 1,5 млрд теңге үнемделді және қоршаған ортаның ластанбауына ықпал етті.
Қазақстаннан Қытай бағытына 2004 жылы Достық стансасы арқылы 9,5 миллион тонна жүк тасылып, стансаның әлеуетін арттыруға 3,5 миллиард теңге бөлінді. Қаржы есебінен 300 метр жол, 64 көтергіш құрал, вагондар жаңартылды. Достық-Ақтоғай жол телімінде 102 шақырымдық жолдың үстіңгі қабаты жақсартылып, пойыздың жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жеткізілді. Сол жылы Достық стансасында теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелеріне арнап 11 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұның бәрі – ғасырдан ұзақ жасаған Қазақстан теміржолы саласының бүгінге дейінгі төккен тері мен еткен еңбегінің нәтижесі.
БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ
Қазақстан темір жолы осы уақытқа дейін ел экономикасы мен жолаушылардың сұранысын толығымен қамтамасыз етіп жүр. Егемендік алған жылдары экономиканың құлдыраған шағында да темір жол саласы өзінің міндетін толықтай атқарды. Экономика тұрақтана бастаған 2000-2008 жылдары компания жылдық тасымалдау көрсеткішін жеті пайыздық өсім деңгейінде ұстады.
Бірақ қазіргі таңда компания 1991 жылдары жасақталған өндірістік активтердің тозығы жетуіне байланысты едәуір қиындықтарға ұрынып отыр. 2020 жылдарға қарай компания паркіндегі жүк вагондарының 54 пайызының, магистральдық локомотивтердің 68 пайызының, маневрлік локомотивтердің 82 пайызының пайдалану уақыты аяқталады. Бұл темір жол саласы үшін ерекше сынақ болғалы тұр. Теміржол тасымалы – Қазақстанның көліктік инфрақұрылымының негізгі элементі болғандықтан аталған мәселені стратегиялық тұрғыда шешу компанияның ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі маңызды проблема.
Темір жол саласының атқаратын қызметі мемлекет және қоғам үшін барынша қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан осы саланы реформалаудағы корпоративтік мақсат пен міндет бір ғана мүддеге бағынышты.
«Компания қызметкерлері барынша үнемділікке қол жеткізе отырып, инвестициялық ресурстарды өсіру маңызды екендігін ұғынуы тиіс. Осыған орай, пайдалану қызметінде сапалық көрсеткіштерді түбегейлі жақсарту, яғни, вагон, локомотив өнімділігі, іске аз тартылатын телімдерді оңтайландыру, шикізатты және материалдарды жұмсау нормативін қайта қарау секілді жұмыстар қажет» дейді компания басшысы Асқар Мәмин.
Компания өз алдына бірнеше стратегиялық мақсаттар қойып отыр. Олардың ішінде жаңа басқару жүйесі талаптарына сай корпоративтік оңтайлы құрылымдау, өндірісті және актив портфелін оңтайландыру, өндірісті жаңғырту және еңбек өнімділігін кешенді жақсарту, компания сұранысына сай машина құрастыру базасын жасақтау, инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру сияқты жоспарлар бар.
ТЫҢ ЖОБАЛАР
Қазақстанның көлік саласындағы ірі жобаларының бірі – Жетіген-Қорғас темір жол желісінің құрылысы. Стратегиялық маңызы бар осы магистраль іске қосылған кезде Қазақстан-Қытай арасындағы екінші темір жол өткелі ашылады.
Қазақстан Республикасының темір жол желісі ресми түрдегі бірнеше еуразиялық жер үсті дәліздеріне халықаралық көліктік бағдарларға шығады. Оның ішінде Шығыс-Батыс бағдарымен Ляньюнган теңіз портынан шығатын Қытай-Қазақстан көліктік дәлізіндегі орны ерекше. Достық-Алашанькоу шекаралық бекетінен басталып Қазақстаннан Ресейге көлбей өтеді.
Бұл көлік дәліздерінің темір жол инфрақұрылымын жетілдіруі Қазақстандағы көліктік кешеннің халықаралық көлік бағдары желісіндегі бәсекелестігін нығайтады.
Жетіген-Қорғас темір жол желісінің ұзындығы – 293 шақырым. Жоба бойынша 14 жол айырықтары ашылды. Жолдың құрылысы Қытаймен еліміздің оңтүстік өңірін ғана жақындастырмайды, сонымен қатар, Орта Азия мемлекеттері мен Ақтау айлағына дейін жетеді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде еліміздің экспорттық әлеуеті артып, жүктерді тасымалдау қашықтығы қысқарады. Жетіген-Қорғас жаңа темір жол желісі серпінді жоба ретінде Қазақстанның оңтүстік өңірін Корея, Қытай, Жапония, Орта Азия мемлекеттері және Иран, Кавказ елдерімен арадағы жүк тасымалының қашықтығын 500 шақырымға қысқартса, Парсы шығанағы елдері мен Қиыр Шығыс арасын Иран жүзеге асырып жатқан Бафк-Мешхед желісімен бірге 1300 шақырымды үнемдеуге сеп болады.
Сонымен қатар, биыл Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Қарағанды облыстары аумағынан өтетін 988 шақырымдық Жезқазған-Бейнеу және 214 шақырымдық Арқалық-Шұбаркөл темір жол тораптары ашылды. Оның салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, магистральдің ашылуын жылдың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық уақиғасы деп атады.
Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл жолы бірнеше өңір мен бүкіл Республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетелейді. Біз тәуелсіздіктің барлық кезеңінде теміржол құрылысын тоқтатпай, үдете түстік» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы теміржол құрылысына 10 мыңнан астам адам тартылғанын, енді тағы 3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты. Қазақстан темір жолының 110 жылдығына сәйкес келген уақиға тұралап қалған елді мекендерге қан жүгіртіп, әл-ауқатын арттыратыны сөзсіз.
Бейнеу-Жезқазған желісі Маңғыстау облысындағы Бейнеу стансасынан Ақтөбе облысының Шалқар стансасы, Қызылорда облысының Сексеуіл стансасы арқылы Жезқазғанға барады.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Асқар Мәминнің айтуынша, жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асатын жаңа магистраль оңтүстік пен солтүстік және батыс пен шығыс бағыттарындағы жүк айналымын оңтайландырады.
Сондай-ақ, таяуда іске қосылған Өзен-Берекет-Гөрган халықаралық магистралінің ашылуы салтанатында сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан былтыр Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізді, ал Парсы шығанағының қажеттілігі 9-10 миллион тоннаны құрайды. Біз болат, минералды тыңайтқыш және басқа да қазақстандық өнімдерді жеткізгелі отырмыз. Тиісінше, Түркіменстан мен Ираннан қажетті тауарлар аламыз» деді.
Үш ел арасын жалғайтын теміржол осы саладағы үлкен жобалардың бірі саналады. Иран мен Түркіменстан үшін біздің ел арқылы Ресей мен Қытайға қатынау оңайлана түссе, өзіміз үшін оңтүстік мемлекеттермен арадағы импорт пен экспорт айналымы жеделдемек.
ӨНІМ – ӨЗІМІЗДЕН
Қазіргі уақытта ҚТЖ үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
2009 жылдан бері «General Electric» компаниясының заманауи технологияларымен құрастырылатын локомотивтер бұл күні әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім саналады. Осының нәтижесінде отандық машина құрастыру өнімдеріне басқа елдердің қызығушылығы артып отыр.
Жаңа машиналар сынақтың 19 түрінен өткізіледі. Оның ішіне электрлік және механикалық сынақ, тұтастай дизель-генераторлық қондырғының жұмысын тексеру, корпус жіктерінің беріктігі, сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» магистральді жолдарында өткізілетін жол жүру сынақтары кіреді.
Қазіргі заманғы кәсіпорынның конвейерлік жолынан, орташа есеппен алғанда, айына «ТЭ33А» маркалы 6-8 жүк тасу локомотивтері құрастырылып жатыр. Осындай көрсеткішті ұстап тұру мақсатында цех қызметкерлері 3 ауысымда жұмыс істейді, яғни зауытта жұмыс тәулік бойы тоқтамайды. Бұл күні зауыттың өндірістік қуаты – жылына 100 дана локомотив.
Бұдан бөлек, жылжымалы жүк құрамының жетіспеушілігін болдырмау мақсатында 2010 жылы «Таман» ЖШС негізінде жүк вагондарының өндірісі қолға алынды. Сол жылы 1-ші және 2-ші кешендер, ал 2011 жылдың шілде айында 3-ші кешен ашылды. Қазіргі уақытта өндірістік қуаттылық жылына 3000 данаға дейін жетіп отыр.
2010 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰҚ және «Патентес Тальго С.Л.» испаниялық компания арасында Астана қаласында жолаушылар вагонын өндіру мен оларға техникалық қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құру туралы шарт жасалды. Нәтижесінде 2011 жылдың желтоқсанында жолаушылардың заманауи жүрдек вагондарын шығаратын «Тальго» жаңа зауыты іске қосылды.
Кәсіпорын жылына 150 вагон шығарады. Өндірістің бастапқы кезеңдерінде жылына шамамен 140 вагон шығару жоспарланған. Вагондардың конструкциялық жылдамдығы сағатына 200 шақырымды көресетеді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында зауытта 366 жаңа жұмыс орны құрылды.
Келесі жылы өндірістегі қазақстандық үлестің көлемі 56 пайызға жетпекші. Өндіріс Қазақстанда жүрдек жолаушы тасымалын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосады. Бұл – облысаралық барлық бағыттарда пойыздардың жүру уақыты 2 есе қысқарады деген сөз. Ал 2012 жылдың 1 шілдесінен Астанада құрастырылған «Тальго» вагондарынан құралған алғашқы пойыз Алматы-Петропавл бағыты бойынша қатынай бастады.
P.S.
Бүгінгі таңда темір жол көлігі еліміздегі өндірістік инфрақұрылымның маңызды бөлшегі саналады. Қазақстанның географиялық орналасуы, шекарасының кеңдігі, өндірістің шикізаттық тәуелділігі, автокөлік инфрақұрылымының аздығы темір жол көлігінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыра түседі.
Экономиканың дамушы секторына айналған Қазақстанның теміржол саласы соңғы кездері өндірістік және техникалық әлеуеті жағынан едәуір өсіп–өркендеген. Дәл қазіргі уақытта 140 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, шалғай ауылдардың тұрғындары облыс орталықтарына тез жетудің жақсылығын теміржолдан көріп отыр.
Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ