ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІНІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ БАСТЫ ҚҰРАЛЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жүйелі шараларға тікелей байланысты екенін айтқан болатын. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасын бизнес өкілдерімен талқылады. Онлайн жиынға бизнес қауымдастық, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Қала әкімі жиналыстың мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді әрі бірлесе жұмыс атқару екендігін айтты.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Мемлекет басшысы қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары екенін атап өтті. Президент тапсырмасымен «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатқанын хабарлады. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтардың құқықтық бақылау құралдарын пайдалануына мүмкіндік береді. Бизнесті қорғау біздің басты міндетіміз және Сіздерді белсенді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа шақырамыз, — деді М.Әйтенов.
Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Ш.Өтеев мегаполистегі жемқорлық әрекеттерінің көрініс табуы бойынша қысқаша баяндап, қатысушылардың сұрағына жауап берді.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныс, пікірлер тыңдаусыз қалмай талқыланған мәселелер өз жемісін беретініне сенім білдірді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі