ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ
Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қабылдау өткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өткен қабылдауға түрлі мәселелері бар 7 тұрғын жазылған. Олардың арыз-талабын Нұрғазы Бұхарбаев бастаған кеңес мүшелері тыңдады. Олардың қатарында Жұмағали Білісбеков, Нұржан Ажиметов, Бауыржан Әлтеев, Ерсұлтан Әмірбек сынды ел ағалары бар.
Қабылдауға келген азаматтардың әрқайсысы мұң-мұқтажын арқалай келген. Мәселен, Айгерім Орынбасарова баспана сұрайды.Оның айтуынша, жұбайының мүгедектігі бар. Бес балалы келіншек екі перзентім мүмкіндігі шектеулі ретінде есепте тұрады дейді. Ипотекамен үй алуға қаржысы жетпейді. Оның үстіне екі баласының дәрі-дәрмегіне ай сайын қыруар қаржы кетеді, ал баспана кезегім баяу жылжиды деген мұқтажын жеткізді.
Көп балалы әйелдің өтінішін тыңдаған Нұрғазы Бақтыбайұлы барлық мәселе заң аясында шешілетінін, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Ал тұрғынның өтінішін депутаттар назарына жеткізетінен айтты.
Бұл күні қабылдауға келген азаматтардың көбісі үй мәселесі бойынша өтініштерін жеткізді. Дегенмен, араларында мүмкіндігі шектеулі жандар мен шалғай шағынаудандағы көршілерінің тілегін арқалай келген тұрғындар да бар. Қоғамдық кеңес мүшелері олардың барлығын мұқият тыңдап, тиісті кеңестерін берді. Айта кетейік, қоғамдық қабылдау 17-21 қаңтар аралығында жалғасады.