ҚОҒАМДЫҚ САНА: ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУ ҮДЕРІСІ
«Саяси тұрақтылық пен қоғамдық консенсустың арқасында біз үш базалық сала – экономиканы, саясатты және сананы жаңғыртуға кірістік».
ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты ол қоғамдық сананы жаңғырту.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» екенін айрықша айтты. Яғни, ұлттық сананы жаңғыртудағы осы саяси сабақтастықты негізге ала отырып, біз рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек», деп атап өтті.
Қоғамдық сананың өзгеруі мен модернизациялануы әлемнің барлық елдерінің назарында. Қоғамдық сана өзгеріске түсу процесінде жағымды жағына немесе негативті жағымсыз жағына өзгеретіні белгілі. Кезінде австриялық ғалым Карл Реннер «ұлт, мемлекет өзінің дамуында өзі қаласын-қаламасын бәрібір үш кезеңнен немесе үш сатыдан өтеді. Ол: ұлттың оянуы, ұлттың дамуы және ұлттың гүлденуі» деді. Алғашқы сатысы ұлттың оянуы немесе кейінгі сатылары ұлттың дамуы, гүлденуі болсын, олар қоғамдық сананың оянуы, өзгеруі, жаңғыруымен қатар жүреді. Осы тұрғыда біздің бәріміз де «біздің мемлекетіміз, ұлтымыз қай сатыда тұр» деген сұрақты өзімізге қоямыз. Міне, осы кезеңдер аталған факторлардың, яғни, мемлекет пен ұлттың қалыптасу мен өркендеу процесіне іргетас болып қаланады екен. Олай болса, біз ұлт ретінде ояндық па, өткеніміз бен бүгінімізге диагностика жасап, ертеңіміз қалай болады деген сұраққа жауап іздей отырып, болашаққа болжам жасай алдық па?! Біздің келешекке деген бағыт-бағдарымыз айқын ба?! Міне, осы сұрақ бәрімізді мазалайды.