«КӨҢІЛШӘЙ» БЕРІП КӨРДІҢІЗ БЕ?

Қазақ деген ғажап ұлт қой. Өмірдің сан салалы соқпақтарының қалтарыс-бұлтарыстарының бірін қалдырмай түгендеуге тырысқан. Бір-біріне қай жерде демеу беріп, қай жерде сүйеу болуды да білген. Әр істі жөнімен шешкен. «Өмір бар жерде қаза бар» екені рас. Адам баласы қашып құтыла алмайтын ажал деген ақиқатты, әсіресе, жанымызға жақынымызды алып кеткенде мойындап жатамыз. Біріміз «тағдыр салды, мен көндім» деп қаралы хабарды қасқайып тұрып қабылдасақ, енді біріміз бордай езіліп, қам қыштай мүжіліп, салымыз суға кетіп жатады.

Осындай бір бейбақпен жақында ғана жол үсті сапарлас болған едім. Ең соңғы орындықта отырған келіншек жібі түзу жан болып көрінді. Жанына барып жайғасқаным сол:

— Сенен бір нәрсе сұрасам бола ма, —  деп әңгімеге тартты.

— Иә, айта беріңіз, — деп құлақ салдым.

— Жеті жыл бойы күтіп, бала көтердім. Ай-күнім жетіп перзентханаға барғанымда дәрігерлер: «Саған кесір тілігін жасауымыз керек, әйтпесе балаға зияны тиеді» деді. Оны естіп уайымға баттым. Сонда да «жоқ, өзім босанамын» деп қағазға қол қоймай, толғақты күттім. Арада бір тәулік өткенде дәрігерлер тексеріп, баланың жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Тағдырда жазылған нәрсе болады дейді ғой. Мен оған сенемін. Сонда да осы өлімге өзімді кінәлі санаймын. Осындай бала жетектеген аналарды көрсем біртүрлі боламын» дейді. Бір көрген жан демей маған мұңын айтып отырғанына қарап қазаның салмағын көтере алмай жүйкесіне жүк түскенін байқадым. Арасында бетіме қарап отырып: «Жылап отырсың ба, жылама, жаным, жылама» деп қайта-қайта әлденелерді айтып кетіп отырды. Білгенімше аят пен хадистен мысалдар айтып көңілін сергітуге тырыстым. Діттеген жеріне жетіп, көліктен түсіп қалды. Жанына батқан қайғыны ойлай-ойлай еңсесі басылып, жүдеп, қушиып құр сүлдері қалған әйелдің тек жылтыраған екі көзінде ғана тіршілік белгісі байқалады.

Осындай өмірге  бейімделе алмай, дел-сал күй кешіп қалған жанның алдағы жарық күнге үмітін жалғайтын қазақтың «көңілшәй» деген дәстүрі болған.  Ол дәстүр бойынша кімнің басына қаралы қиындық келсе, соны жақындары үйіне шақырып, қонақ ететін. Ас-суын беріп отырып, сабырды насихат етіп, көңілін сергіткен. Жанын жұбатып, өмірге деген құлшынысын қайта оятуға жігер берген. Бірде көршісі, тағы бірде жақын туысы,  алыс ағайыны дегендей қоғам болып жабылып, әлгі жанды тағдырдың тықылтаяң тұсынан, тар қыспақтай көрінген күндерден көптеп-көмектеп алып шығады екен. Абай бұл жайды «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол, қаза көрген жүрегі жаралы ол» деп суреттеген. Басы қаралы, жаны жаралы жанның көңіл көгін басқан ауыр мұңын сейілтпекке ұмтылғанның өзі адамгершіліктің биік үлгісі емес пе?!

Міне,«қайғыны бөліссең азаяды» деген осыдан қалған деседі. Ал, бізде қазір жаназасын атқарысып, бір көңіл айтсақ болды міндетімізден құтылғандай болып, кірген үйімізден шығып кеткенше асығып отыратынымыз жасырын емес. Осы дәстүр қайта жаңғырып, қиындыққа тап болған жан жақындарынан жанашырлық көрсе, қатты күйзеліске түспей, қатарға тезірек қосылып кетер ме еді деген ойға келдім. Сіз қалай ойлайсыз?

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.