КОНСТИТУЦИЯ — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АРҚАУЫ
1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы орнықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік тұғырына айналды.
Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаз рухы салтанат құрған еліміздің берік тұғыры десек, оның кемелділігінің өзек-арқауы бүгінгі таңдағы қоғамдық қатынастың сан-салалы мәселелерінде экономикалық-әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыдан дамып, өркендеуіміздің нәтижесіне тікелей байланысты.
Қазақ жерінде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің этностық, діни және өзге де сипатына, әлеуметтік тегіне қарамастан, барлығының тең жағдайда өмір сүруі туралы ереже біздің Конституциямыздың, конституциялық қағидатымыздың басты өзегі болып табылады.
Конституцияның 1-бабының 2-тармағында қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм мен экономикалық даму, мемлекет өмірінің өзекті мәселелерін демократиялық әдістермен шешу сияқты ел өмірінің аса маңызды түбегейлі қағидаттары қамтылған.
Төрткүл дүниеде орын алған экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасау, ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы бар халықаралық ахуалды ескеру, мемлекеттік басқару жүйесі мен аса маңызды әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиімді ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған кезеңдер де болды.
1998 жылғы конституциялық реформа барысында Конституцияға Парламенттің рөлін нығайту туралы өзгерістер енгізілді, 2007 жылғы реформа басқарудың президенттік нысанының парламенттік нысанын күшейтті, яғни Президенттің Үкіметке қатысты кейбір өкілеттіктері Президенттің билік аясынан жоспарлы түрде Парламентке ауыса бастады.
Конституциялық өзгерістер Қазақстанның үшінші жаңғыруы, қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, қазақстандық үйлесім мен бірлік, болашағы біртұтас елді қалыптастыру және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі талаптарға сай енгізілді.
2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Президенттің, ол құрған Жұмыс тобы мүшелерінің, Парламент депутаттарының, елдің барлық өңірлерінде құжатты талқылауға қатысқан мыңдаған қазақстандықтардың үлкен мүдделілікпен атқарған жұмысының нәтижесі екенін атап өткен орынды.
Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында Конституцияның мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шаралар арқылы іске асырылуға жататын құқықтық идеялары мен қағидаттарын қандай жағдайда болсын тиянақты түрде орындау қажеттігіне ерекше назар аударылады.
Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаздық рухы салтанат құрған жас мемлекетіміздің берік тұғыры. Конституцияның кемелділік арқауы оның бүгінгі таңдағы және болашақтағы қоғам өмірінің сан-салалы дамуының ажырағысыз сипатын білдіреді. Елге қатысты қолданылатын кемелділік ұғымының өзі ұтымды даму жолына түсіп, қай салада болсын игі істерді баянды ететін толысу сипаттамасын қамтиды. Конституцияны негізге ала отырып, қабылданған заңнамалық актілердің басты мақсаты да елді жан-жақты дамытып, кемелділікті қалыптастыруға жол ашу болып табылады.
Демократиялық жолмен өркендеп, келешекке бағыт алған елімізде мемлекеттілікті қалыптастыру жолында биліктің халық мүддесінен туындайтын бағыт-бағдарын нақты айқындауда қол жеткен жетістігі де Конституцияның ерекше кемелділікке бастайтын қағидалы арқауы.
Конституцияның тағы бір кемелді сипаты құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшіне кедергісіз қосылу мақсатын жүзеге асыруға тікелей ықпал еткеніне, Қазақстанның мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік жасағанына байланысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.
Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы деп мәлімдеуге құқылымыз!
Пирназарова Кульдана,
Шымкент қаласы білім басқармасының
Политехникалық колледжінің «Құқық негіздері» пәнінің оқытушысы.